432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түлкібас ауданының бағбандары биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізбек

  • 194
  • UPD: 18:40, 21.09.2020

Түркістан облысы Түлкібас ауданының бағбандары биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар екі жарым мың гектар қарқынды баудан 30 мың тонна алма жинауды жоспарлап отыр. Жеміс ағашының әр түбі орташа есеппен 30-дан 50 келіге дейін өнім берді. Енді бағбандар мұнша жемісті қайда өткізеді? Алма сақтайтын қоймалар жеткілікті ме?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Қазір мына қарқынды бауда алма теру науқаны қарқынды жүріп жатыр. 200-ге жуық жұмысшы күніне 50 тоннаға жуық өнім жинайды. Мұнда алманың 4-5 түрі өсіріледі. Барлығы Еуропа, Польша және Түркияның ең озық сұрыптары. Мамандар ел арасында «Бес жұлдыз» аталып кеткен алманың бұл түрі таулы аймаққа жақсы бейімделіп, мол өнім беретінін айтады. Жемістің қаттылығы, қанттылығы, әдемілігі жағынан жоғары сұранысқа ие. Шаруалар әзірге ішкі нарықты қамтып отыр.

Бақыт Құрманбеков, шаруашылық басшысы:

- Бау жас, біртіндеп жетіліп келе жатырмыз. 2018 жылы 800 тонна өнім алсақ, 2019 жылы 1500 тонна өнім алдық. Биыл 2500 тоннадан жоғары өнім аламыз деген ниеттеміз. Өнімділігі енді күші еніп жатқандықтан, нарықты енді жайлаймыз деген ойдамыз.

Қарқынды бау 2013 жылы құрылған. Алғашында 30 гектармен бастапты. Қазір алма бау көлемі 190 гектарға жеткен. Сондай-ақ мұнда мемлекеттің қолдауымен арнайы оқу орны ашылған. Жұмысқа келген адам алдымен 3 айлық курстан өтеді. Оған ағашқы қалай баптау керектігі үйретіледі. Арасында шетелден мамандар келіп, тәжірибе алмасып отырады.

Бақыт Құрманбеков, шаруашылық басшысы:

- Қазақстанның алма өнімін өндіру бойынша мүмкіндігі өте жоғары. Былтыр бізде консультант Польшаның азаматы екі апта жүрді. Сонда сол кісі айтты: «Сіздердің жерлеріңіз, табиғи жағдайларыңыз алма өсіруге өте керемет. Бірақ маман аз», деді. Осы нәрсені ұқыптап, тиянақты жолға қоятын болсақ, біз Еуропаны алмамен қамтып отырған Польша сияқты Азия елдерін алмамен қамтуға мүмкіншілігіміз толық бар деп есептейміз.

Серіктестіктің сыйымдылығы 2 мың тонна болатын қоймасы бар. Мұнда өнім голландиялық тәсілмен сақталады. Әрі қойма алманы іріктейтін Франциядан әкелінген жаңа технолгиямен жабдықталған. Ол өнімнің түсі мен көлеміне қарай бөліп, реттеп отырады. Жалпы Түлкібас ауданында 9 мың тонна өнім сақтайтын осындай 6 қойма бар. Биыл ауа райы қолайлы болғандықтан, бағбандар жылдағыдан көп өнім алуды көздеп отыр.

Абылай Төлепбергенов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Көктемде үсік ұрып кетті, сондай біраз табиғи жағдайларға байланысты алма баудан 20 мың тонна өнім жинадық 2019 жылы. Ал енді биыл ауа райы жақсы. Бауларымыз жақсы өнім беріп жатыр. Жылдың соңына дейін 30 мың тонна өнім жинақсақ деген жоспар бар.

Қазір Түлкібас ауданында қарқынды баудың көлемі екі жарым мың гектарды құрайды. «Алма бау көлемін ұлғайту» бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін 3300 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы