429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құс тұмауынан зардап шеккен шаруашылықтарға өтемақы беріле ме

  • 216
  • UPD: 21:37, 21.09.2020

Құс тұмауынан шығын көрген шауруашылықтарға 390 млн теңге өтемақы қарастырылды.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлімдеді. Қазір жұқпалы ауру құс атаулыны қынадай қырып барады. Енді шығынға батқан тұрғындар өтемақыны қалай және қайдан ала алады?

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Құс тұмауы солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерді қыспаққа алды. Қызылжар ауданында орналасқан «Бескөл» құс фабрикасында 41 мыңнан астам құс қырылып қалды. Бұл туралы ветеринарлар мәлімдеп отыр. Қауіпті кеселге байланысты карантин жарияланған ауылдарда дизенфекциялық бекеттер орнатылып, зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы өткен аптадан бері өңірде 11500-ден астам үй құсы өлген.

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- «Бескөл» құс фабрикасы бойынша 19 қыркүйектен 21 қыркүйекке дейін 41 мың тауық құсының өлімі тіркеліп отыр, ресми түрде. Қазіргі таңда осы құс фабрикасы бойынша республикалық індетке қарсы отрядтың өкілдері жұмыс істеп жатыр, өлген құстарды жағу бойынша. Ол үшін арнайы техника келіп, өртеу жұмыстары жүріп жатыр.

Құс тұмауы Ақмола облысында да расталды. Жұқпалы ауру Жарқайың ауданындағы Шойындыкөл ауылында тіркелген. Елді мекенде зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, карантин жарияланды. Ветеринарлардың айтуынша, облыс бойынша барлығы 320 үй құсы қырылған. Сондай-ақ Атбасар, Астрахань, Егіндікөл аудандарында ауру белгілері байқалды. Қазір өлекселерден сынама алынып, елордадағы зертханаға жіберілді.

Базарбай Бұлашев, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Облыс бойынша мониторинг жасадық. Қай жерде, қай ауылдарда, жақын жерлерде көлде бар. Соларды, соның есебі бойынша 510 мың доза вакцина сұрап отырмыз комитеттен. Бұл вакцина жаңа сөйлескенде осы сәрсенбіде келіп қалуы тиіс.

Кесел Павлодар облысының шаруашылықтарына да жетті. Зерттеу нәтижесінде өлген үй құстарынан құс тұмауының белгісі байқалған. Сондай-ақ Қостанай облысының алты ауданында да деректер тіркелді. Бұдан бөлек, Қарағанды облысының Нұра ауданында 43 бас құстың өлуіне байланысты зерттеу жүріп жатыр. Ауру шаруашылықтарға қисапсыз шығын әкелгені сөзсіз. Дегенмен, вице-министр арнайы өтемақы төленетінін айтты. Оның көлемін эпизоотияға қарсы отряд анықтайды.

Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Өлген құстардың иесі арнайы шот ашады. Ал ветеринарлық қызмет құстың өлгені туралы актілерін ұсынады. Өз кезегінде әкімдіктер жанында құрылған арнайы комиссия әр аймаққа құстың орташа құнын есептеп береді. Кейін эпизоотияға қарсы отряд бұл ақпаратты алады. Өтемақы арызданушының шотына үш күн ішінде аударылады.

Айта кетерлігі, бұл ауру адамға қауіп төндірмейді. Мамандар осылай деп сендірді. Ал ауырған құстың жанында жүріп немесе етін жеп індет жұқтырған жағдайлар өте сирек кездесетін көрінеді.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы:

- Құс өнімінен, яғни еті немесе жұмыртқасынан жұқтырған жағдайлар мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан адамдар арасында құс тұмауын жұқтырғандар тіркелмеген. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары құс фабрикасында жұмыс істеген 400-ге жуық адамды анықтады. Олар дәрігердің бақылауында. Бәрінің жағдайы қанағаттанарлық.

Құс тұмауы тіркелген өңірлерге республикалық қордан қосымша 1 миллион вакцина жеткізіледі. Бұл 3,5 миллион құсқа екпе жасалады деген сөз. Ал әзірге мамандар қолданыстағы құс өнімдері қауіпсіз екенін айтады. Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімдерге бақылауды күшейткен.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Самат Қайырденұлы, Айдарбек Айтмұхамбетұлы

 

Хабар 24 телеарнасы