428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында екі жыл бұрын қырылған балықтың шығыны өтелген жоқ

  • 117
  • UPD: 21:55, 21.09.2020

Бұдан екі жыл бұрын Атырау облысында қырылған балықтардың шығыны әлі өтелген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жайық өзенінің улануына байланысты сол жылы 117 тонна балық өлі күйінде табылған. Салдарынан тауарлы бекіре өсіретін шаруашылық бағымдағы 36 мың балығынан айырылып, жұмысын тоқтатқан. Сот өзеннің улануына «Атырау су арнасы кәсіпорны» кінәлі деп тапты. Алайда, келген шығын қайтарылған жоқ. Болашағы бұлыңғыр осы шаруашылықтарды арна тілшісі Арыстанбек Кенже аралап, тараптардың уәжін тыңдаған еді.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- 2018 жылы бұл шаруашылықта 36 мың дана бекіре өсіріліп жатыр еді. Олар сол жылы алғашқы 5 тонна қара уылдырықты экспортқа шығаруы тиіс болатын. Алайда, тосыннан келген қырғыннан барлық балық қырылып қалды. Келген шығын 1,5 млрд теңгені құрапты. Содан бері шаруашылық сотқа арызданып келеді. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ.

Самат Ахсамбиев, Тауарлы балық шаруашылығының өкілі:

- 2018 жылы біз 100 тоннадан астам бекіре балығынан айырылдық. Сот үкімімен су арнасы мекемесінің 3 басшысы жауапқа тартылды. Бірақ жеке тұлғадан қомақты шығынды өндіру мүмкін емес. Сондықтан біз облыстық әкімдікті сотқа бердік. Бірақ әзір еш нәтиже жоқ. Егер балық шаруашылығына осындай көзқарас қалыптасса, салаға ешкім де инвестиция салмайды.

Сол жылы Жайық өзенінен 7 тоннаға жуық сазан, құты, ақмарқа балығы да қырылып қалды. Табиғатқа келген шығын 14 млн теңгеге жуық. Оның да өтелетін түрі жоқ секілді.

Әйгерім Айтқожақова, Орман шаруашылығы және жануалар дүниесі аумақтық инспекциясының заңгері:

- Сот үкімі бойынша қазіргі уақытта облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясымен берілген талап арыз бойынша ешқандай бізге келтірілген шығын орны толтырылған жоқ.

Бауыржан Тұхфатов, облыстық энергетика, ТКШ басқармасының басшысы:

- Бұл тек қана соттың шешімімен болатын зат. Бұл жағдайға Атырау облыстық әкімдігі кінәлі емес деп есептейміз.

Бүгінде тараптардың арызы облыстық сотта қаралып жатыр. Ендеше, су арнасы кәсіпорнының құрылтайшысы болып табылатын әкімдіктің кінәсі бар ма, жоқ па сот шешеді. Ал, тұралап қалған шаруашылық салаға қайта қаражат салуды бастады. Бірақ даумен басталған бизнестің болашағы күмәнді болып тұр.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Келген шығынға қарамастан, шаруашылық бизнесті қайта жалғастырып жатыр. Бүгінде мына шарбақтарда 600-дей бекіре балығы өсіріліп жатыр. Алайда, оның болашағы қандай болады, оны бизнес иелері де болмаса, балық шаруашылығы басындағылар да айта алмайды.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы