427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мектеп асханалары қашан ашылады?

  • 314
  • UPD: 22:00, 21.09.2020

Көктемде сабақ онлайн оқытыла бастағалы мектеп асханасындағы аспаздар да жұмыстан босап қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы осы осы істі бастау үшін 70-80 миллион теңгеге дейін несие алған кәсіпкерлер бар.

Өйткені былтыр жергілікті билік мектеп асханасын жалға алып отырған кәсіпкерлерге оны заманға сай жабдықтау туралы талап қойған. Сөйтіп, қала бойынша 35 асхана жаңартылған еді. Енді іркіліп қалған кәсіпкерлер несиесін өтеу үшін басқа мүліктерін сатуға мәжбүр. Олар атқарушы биліктен асханада нан-тоқаш сияқты өнімдер дайындап, сатуға рұқсат сұрайды.

Өскемендегі мектеп асханалары өткен жылы жаппай жаңғыртылған. Осы салада талай жыл жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлердің көбі бастапқыда қарсы болса да, әкімдіктің талабына көнуге мәжбүр болды. Солардың бірі – Яна Радякина. Ол банктен 27 миллион теңге несие алған. Бұл қаржыға мектеп асханасының үстел-орындығынан бастап, тамақ пісіретін қондырғыға дейін жаңалаған. Биыл наурыздан бері жұмысы тоқтап тұр.

Яна Радякина, кәсіпкер:

- Менің асханамда 12 адам жұмыс істеген. Оларды бастапқыда ақысыз демалысқа, одан соң бәрін босатуға мәжбүр болдым. Қайтадан келгісі келеді. Ал менде оған мүмкіндік жоқ. Сондықтан үкімет мемлекеттік әріптестік негізде көмектессе. Былтыр тегін жалға алу келісімін бір жылға жасағанбыз. Енді соны аз дегенде тағы екі жылға созса. Сонда кәсіпкерлер аяқтан тұрып кетер едік.

Аяқтан тұру үшін қалалық білім бөлімі жөндеу жасаған кәсіпкерлерден жалдау құнын әуелі бір жыл алмау туралы келіскен. Осы аралықта ешқандай шағым болмаса, тағы бірнеше жылға дейін созу туралы уәделескен. Бірақ пандемияның кесіренен мектеп асханаларының жұмысы да ақсап тұр. Дегенмен, кәсіпкерлер «атқарушы билік құлық танытса, тығырықтан шығар жол бар» деп отыр.

Елена Березинская-Абилова, Жемқорлыққа қарсы медиаорталығы облыстық филиалының жетекшісі:

- Біз бір жарым жыл бұрын осы жоба басталғанда кәсіпкерлердің өте үлкен тәуекелге барып отырғанын айттық. Енді міне, бәрінің жұмысы тоқтап қалды. Сондықтан асханаларын жарақтаудан өткізген кәсіпкерлер ол жерде ыстық тамақ әзірлемесе де, нан-тоқаш пісіріп сатуға болады ғой.

Облыстық білім басқармасының басшылығы «болмайды» деп отыр. Өйткені мектеп асханасы қоғамдық тамақтану орны емес.

Әсел Қайырбекова, облыстық білім басқармасы  басшысының орынбасары:

- Қазір уәкілетті органдар тарапынан берілген нұсқауларға байланысты тек қана қоғамдық тамақтануға рұқсат берілген. Оның ішінде мектеп асханаларына жұмыс істеуге берілген жоқ. Сондықтан білім беру ұйымдары ішінде қатаң санитарлық талаптарды сақтау жүктеледі. Білім беру ұйымдарына, білім саласына қатысы жоқ адамдардың кіруіне шектеу қойылған.

Жалпы өңірде 647 орта мектеп болса, былтыр тек Өскемендегі 35 мектептің асханасы жаңартылған. Мемлекеттік-жекеменшік негіздегі жобаға кәсіпкерлер 500 миллион теңге жұмсаған. Ал атқарушы билік кәсіпкерлерден 7 жылға дейін жал құнын алмау жөнінде келісімге келген. Індеттің кесірінен онсыз да табыссыз қалған кәсіпкерлер әкімдік енді жалдау құнын міндеттей ме деп алаңдаулы.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы