428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Белсенділер Қазақстанда онлайн митинг өткізуді ұсына бастады

  • 120
  • UPD: 03:04, 22.09.2020
Белсенділер Қазақстанда онлайн митинг өткізуді ұсына бастады фото: inform.kz

Әлеуметтік желіде онлайн митинг өткізу қаншалықты дұрыс?

Індетке байланысты көптеген елдерде адамдардың шоғырлануына шектеу қойылған. Дегенмен, өз ойын ашық айтқысы келетін белсенділер жаңаша әдіс ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол – онлайн-митинг өткізу. Елімізде бұл үрдіске қолдау бар ма?

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Әлеуметтік желіде жаңашылдық көп. Рас, кейбір сөздерді бірінші рет естуіңіз де мүмкін. Соның бірі – кликтивизм ұғымы. Бұл қоғамда болып жатқан резонансты жаңалықтарға ғаламтор арқылы пікір қосу. Ол қалай дейсіз ғой. Қоғамдық козғалысқа қолдауыңызды білдіру үшін аватарыңызда сол ұйымның белгісі немесе ұраны тұруы керек. Немесе ортақ петицияға қол қою. Психологтардың айтуынша, мұндай адамдар әлеуметтік желіде қолдау көрсету арқылы өзін қоғамға керекті адам ретінде сезінеді. Сол тұрғыда кликтивизм ұғымы өте пайдалы.

Евгений Мироненко, психолог:

- Бұл ұғым заңға қайшы іс-әрекет жасамаса болды өте дұрыс деп ойлаймын қазіргі кезде. Әлеуметтік желіде адам өзінің қоғамның бір мүшесі екенін сезіне алады. Бұл жасқаншақ, ұялшақ адамдарға зор мүмкіндік. Ғаламторда өз ойын еркін білдіретін адамдар бар. Бірақ қоғамда жасқаншақтау болуы мүмкін.

Кликтивизм адамдарға белгілі бір мәселеге деген көзқарасын бейбіт түрде білдіруге мүмкіндік береді. Бұған онлайн митингтерді жатқызуға болады. Активист Болат Жұматаев – Қазақстанда онлайн митинг өткізуді ұсынғандардың бірі. Оның айтуынша, мұндай митингтің көптеген артықшылықтары бар. Олар уақытпен шектелмейді, кең аудитория жинауға және жастарды тартуға мүмкіндік береді. Үйден шықпай-ақ өз көзқарасыңызды бейбіт түрде білдіре аласыз.

Болат Жұматаев, белсенді:

- Қазіргі жағдайды білесіздер. Соған байланысты неге онлайн митингтер ұйымдастырмасқа?! Адамдар ойларын да айтуға мүмкіндік алады. Және коронавирусқа байланысты адам шоғыры да болмайды. Бұл әлемдік тәжірибені бізде кеңінен қолдануымыз керек деп ойлаймын.

Белсенділер онлайн митингке өтініш берілетін арнайы сайт құруды ұсынады. Онда іс-шараны өткізу уақыты, орны мен мерзімі көрсетіледі. Биыл сәуір айында Ресейде «Өмір үшін» деген атаумен ауқымды онлайн митинг өтті. Оның эфирі үш сағатқа созылды және 10 мыңнан астам адам қатысты. Қатысушылар көрнекілік ұстап балконға шығып, бейнебайланыс арқылы сөз сөйледі. Олар мұндай шара бейбіт әрі қолайлы екенін айтады. «Егер әлемде кликтивизм ұғымы кең тараса, түсінбеушілік, зорлық-зомбылық та азаяр еді», - дейді белсенділер.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы