432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында шеткері ауылдарды құм басуы мүмкін

  • 221
  • UPD: 00:55, 22.09.2020
Жамбыл облысында шеткері ауылдарды құм басуы мүмкін

Қазір біраз елді мекендерге қарай құм жылжып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті көшкіннің алды кейбір ауылдарға кіріп те үлгерген. Ауыл тұрғындары топырақты қолмен тазартып әлек. Көшкен құмның кесірінен жайылым да тарылып барады. Жергілікті жұрт ауыл үшін алаңдап құмды тежеуге жәрдем сұрап отыр.

Кенжебек Оразәлиев, Үшарал ауылының тұрғыны:

- «Хабар» агенттігінен келіп тұр едік. Мына ауылдарыңызды құм басып жатыр. Біраз ауылдарыңа құм кіріп жатыр деген біраз мәселе көтеріліп еді. Осыған қатысты тұрғындардың пікірін білуге келіп едік. Міне, көріп тұрсыздар. Құм. Бұдан мына жолдан жүре алмай қалған. Бұрын мына жерде құм жоқ етін. Мына құмның бәрі жаңағы желмен барған. Көшіп келген құм.

Ғалымжан Өтеулиев те құмның қорлығын көріп отыр. Қазір оның қора-жайын басып, үйіне кіруге шақ тұр. Ауыл тұрғыны «түбінде баспанам құмның астында қала ма» деп қауіптенеді. Ол күн сайын үйіліп қалатын сырғыма құмды сыпырып тұруға мәжбүр.

Ғалымжан Өтеулиев, Үшарал ауылының тұрғыны:

- Жылдан жылға мына құм көшкіні болып, биіктігі осы қорамен бірдей болды. Бұрынғы бастапқыда мынадай еді. Қазір жылдан жылға үріп-үріп, қораның бәрі мынадай болды. Ал биіктігі осы жерден 3-4 метр биіктік болады. Сенбесеңіздер, қораның ішіне кіріп көріңіздер!

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Міне, ауыл. Ауылдың орталық көшесі. Ал мынау құм. Елді мекеннің күнбатыс беткейінен соққан жел сусылдаған құмды ауылға қарай суырып жатыр. Жұрт оны тоқтату үшін міне, мынадай етіп шеңгелден тоқып, тосқауылды қолдан жасаған. Алайда, бұл да жылдар өткен сайын тозған. Салдарынан құм біртіндеп ауылға қарай кіріп барады. Енді құм осылай көше беретін болса, бірінші болып анау тұрған мектепті басады.

Үшарал ауылындағы бұл проблема бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Ақыры жолдан өту қиындап, мектепті құм басатын болған соң 6 жыл бұрын тазарту жұмыстары жүргізілген. Желдің өтіне сексеуіл, жиде сияқты ағаштар отырғызылыпты. Құм біраз уақыт тоқтағанымен, араға жылдар салып қайта көше бастады. Құмның жылжығанын мамандар да растап отыр. «Негізгі себеп – орман шаруашылығы қорындағы ағаштардың өртеніп, өскіннің азаюы», - дейді олар.

Сымбат Бейсенов, Ақкөл орман шаруашылығының испекторы:

- Құмның көшетін жері осы ауылдың маңайы, себебі алдында ешқандай пана, төбелер жоқ, неғұрлым ауылдың жиегіне егу керек. Өздеріңізге де көрініп тұр. Мына ауылға қарай, ауылдың іргесіне қарай жақындап келе жатыр. Жылжып келе жатыр. Оны тоқтату үшін осы майда бұталарды көп егу керек. Сексеуілді егу керек. Анау жүзген. Егілсе, бұл құм тоқтайды.

Ал, орман шаруашылығының ардагері Пәрімбек Бейсенұлы «құмның жиі жылжуына орман қоры жерлерінің игерілмей жатуы себеп», дейді. Өйткені орман жерлеріне шаруашылық малдарын кіргізуге рұқсат жоқ. Жазда мал жайылмаған жайылымдар күзге дейін қалың орманға айналады. Мұндай қураған қалың орманның басын өрт шалуы да оңай.

Пәрімбек Бейсенұлы, Аққұм ауылының тұрғыны:

- Барлық орман алқаптарында көптеген жерлер өрттеніп кетті. Кезінде құмды паналап мал өсірдік, сонда ол орман өрттенген де жоқ. Қираған да, құрыған да жоқ, керісінше, жайқалып отырды. Мысалы үшін менің 200 қойым бар, қайда барамын, баратын жер жоқ. Жан-жақты алып алған, құмға кірейін десең, рұқсат жоқ.

Құмды аймақ Жамбыл облысының 5 миллион шаршы шақырым жерін алып жатыр. Мамандардың мәліметінше, 10 шақты жыл бұрын бұл орман қорының 90%-ке жуығы өртеніп кеткен. Биылдың өзінде от орман қорының 41 мың шаршы шақырымын шарпыған. Мамандар «құмдағы орман қорын арттыру ісін қолға алу керек» деп санайды. Бұл жағдай дер кезінде қолға алынбаса, құмдағы ауылдар экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы