429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құс тұмауы: Павлодар облысында 2000-нан астам қанатты қырылды

  • 231
  • UPD: 09:41, 22.09.2020

Ертіс өңірінде де үй құстары жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күні Железин және Тереңкөл аудандарында ауру ошақтары анықталды. Сараптама қорытындысы бойынша үйрек, күркетауық, қаз бен тауықтардың өлімі құс тұмауының салдарынан болғаны расталды. Әзірге екі мыңнан астам құс өлген. Аймақтағы тілшіміз Ақмарал Есімханова құстары қырылып қалған ауыл тұрғындарымен кездесті.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Тереңкөл ауылына қарасты Трофимовка ауылы облыс орталығынан 200 шақырымдай жерде орналасқан. Құс тұмауының алғашқы екі ошағы осы елді мекеннен табылып отыр. Қалден Омаров күн көру үшін тауық-қаз өсірумен айналысады. Тұрғын бірнеше күннің ішінде ауласындағы құстарда ауру белгілері пайда болып, қырылып қалғанын айтады.

Гүлсина Ақпанова, Тереңкөл ауданы трофимовка ауылының тұрғыны:

- Мамыр айынан бастап қарадық, күттік. Жұмыртқасын жинап. Өсірдік.

Ауыл тұрғыны Анатолий Бочкарёв та жаз бойы өсіріп-баптаған 100-ге жуық тауығынан айырылып отыр. Бүгін соңғы өлексені қорасынан шығарды. Шаруаның айтуынша, қанаттылардың өліміне жабайы құстар мен аңдардан жұққан аурудан себеп болуы мүмкін.

Анатолий Бочкарёв, Тереңкөл ауданы Трофимовка ауылының тұрғыны:

- Жақын маңдағы көлде жанат тәрізді иттер қаптап жүр. Соңғы күндері тауықтарға шаба бастады. Осы оқиғадан соң құстарым өле бастады. Осы аңдарды соңғы үш жылда бірінші рет көріп отырмыз. Құстарым солар таратқан аурудан қырылды деп ойлаймын. Міне, 90-ға жуық балапан-балықтың өлексесін лақтыруға тура келді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Үй құстарының өлекселері осы мал қорымына тасталып жатыр. Жергілікті тұрғындардың есебінше, бүгінгі күнге дейін үйрек, қаз және тауықтардың 200-ге жуығы қырылып қалған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, үй құстарына жедел түрде екпе салынып жатыр. Ал ауылдық округтің аумағында бес мыңға жуық қанатты өсіріледі.

Қанаттылардан алынған патологиялық материал тексерілген соң аурудың құс тұмауы екені расталды. Қазіргі уақытта ауылдарда карантинге жабы мәселесі қарастырылып жатыр.

Болат Баженов, Тереңкөл ауданы жаңақұрылыс ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Құс тұмауы расталған бойда аулаларды аралап, құс санағы жүргізілді. Қанаттыларға екпе салынды. Қазіргі уақытта ауылдық округке қарасты бөлімшелерде дезинфекциялық жұмыстар басталды.

Індетке қарсы күрес шаралары шеңберінде ошақтардағы аула құстарының барлығы жойылмақ. Ал аурудың таралуын тоқтату үшін 500 мың данаға жуық вакцина алынған.

Рашид Нұрбеков, ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекциясының жетекшісі:

- Ауру тараған аудандардан құстардың барлығын тәркілейміз. Қанаттылардың физиологиялық жағдайы мен түріне қарамастан. Кейін құс иелеріне өтемақы беріледі. Өтемақы сомасы нарықтағы құс бағасының орташа құны бойынша қалыптасады.

Мамандардың айтуынша, аумақтағы үш құс фабрикасына арудан қауіп жоқ. Себебі, сыртқы ортамен байланыс жоқ. Айта кетейік, соңғы рет құс тұмауы Павлодар облысында осыдан 15 жыл бұрын тіркелген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы