427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысы полицейлері блогерміз деп бопсалағандарды ұстады

  • 114
  • UPD: 12:06, 22.09.2020

Түркістан облысының полицейлері «блогерміз» деп өзгелерді бопсалап келген қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

4 адамнан құралған топ өздерін «журналист», «заңгерміз» деп таныстырып, Жетісай мен Мақтаарал аудандарында 6 ай бойы заңсыз жұмыс істеген. Жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерді бопсалап, ақша талап еткен. Тергеу барысында олардың 17 қылмысқа қатыстылығы анықталды. Тіпті олар өз қызметін заңды етіп көрсету үшін тұтынушылардың құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес түрінде жалған қоғамдық ұйым құрған. Әрқайсысына нақты рөлдер берілген. Сонымен қатар жалған куәліктер мен есімхаттар жасаған. «Құрбандарын бейнетаспаға түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялаймыз» деп қорқытып, ақша алып отырған.

Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Нәтижесінде жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгеден асады. Қазіргі таңда сот өз үкімін шығарды. Бұл – ұйымдасқан қылмыстық топ. Олардың ұйымдастырушысы 10 жылға сотталды. Топ мүшелері 8 жылға сотталып кетті.

 

Павлодардағы көпқабатты үйден өрт шықты

Павлодар қаласында жер үйден өрт шықты. Қызыл жалын бір үйді ғана емес, көрші орналасқан баспанаға да зақым келтірді. Тілсіз жау барлығы 300 шаршы метр аумақты шарпыған. Өртті өшіруге қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің 24 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылды. Өрт дер кезінде сөндірілгенімен, ескі баспанаға айтарлықтай қатты зақым келген. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

 

Оралдағы электр бағанынан қауіптің жоқтығы анықталды

Орал қаласына қарасты Круглозерный ауылында ірі қараның токқа ұрынған сәті әлеуметтік желілерге таралған еді. Бейнежазбада электр бағанасының арасымен өткен сиырлардың әлдеңеден сүрініп жатқанын көруге болады. Аталған жайтқа қатысты түсінік берген әкімдік өкілдері ол жерде жоғары кернеулі токтың жоқтығын және бұл жағдайдан ешкімнің зардап шекпегенін айтады.

Құбаш Меңдіғалиев, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- ӨЭК мамандары жедел түрде тексеріп , арады. Ол электр бағанында жоғары вольтты ток жоқ. Қатты соққан жел салдарынан байланыс әлсізденіп, осындай жағдай болды. Электр мамандары видеоны алып қараған кезде жоғары кернеулі электрдің болмағанын, оның көлемі тек 0,4 болғанын айтып отыр. Сондықтан ол жерде қолдан монтаждалып қойылған дыбыс болуы мүмкін.

 

Алматы облысында елік атқандар ұсталды

Табиғат қорғау полициясы «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы аясына табиғат қорғау органдарымен бірлесіп Сарқан ауданы аумағында «Нива» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көлікте 38 жастағы жергілікті тұрғын болған. Тексеру барысында көліктің жүк салғышынан жаңа атылған еліктің енесі табылған. Сондай-ақ заңсыз аңшылықты кәсіп еткен браконьерлерден екі аңшы мылтығы тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Хабар 24 телеарнасы