428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құс тұмауы елдің бес өңірінен анықталды

  • 166
  • UPD: 12:04, 22.09.2020

Осыған байланысты құс өсірушілердің уайымы күшейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауру жаппай таралса, елде тауық еті мен жұмыртқасы тапшы болуы мүмкін бе?

Өнім өзімізде азайса, Ресейден алатын едік. Алайда тауыққа келген кесел көрші елдің шекаралас аймағында да анықталыпты. Сондықтан Ресейде де жағдай мәз емес. Аурудың таралуы тежелмесе импортқа тыйым салынуы мүмкін. Сол кезде жұмыртқа мен тауық етінің тапшылығы туындауы ғажап емес.

 

Құс өсірушілер шығынды есептеп жатыр

Аурудың таралуы азаймаса, отандық құс фабрикалары 2 млрд теңге шығынға батуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан жұмыртқа өндірушілер ассоциациясының өкілдері мәлімдеді. Қауымдастық басшысы Максим Божконың айтуынша, бұл – тек таза шығынның есебі. Егер құс тұмауы өрши түссе, саладағы қызу тірлік кідіріп, қаншама адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Биыл мемлекеттік субсидия көлемі азайғаннан кейін көп фабриканың қарқыны бәсеңдеп, «шықпа жаным, шықпа» деп отыр. Өндіріс кемісе, экспорты мүлде азаяды. Бүгінде ел бойынша өндірілген жұмыртқаның 10%-і сыртқа сатылады. Қалыптасқан жағдайға байланысты қауымдастық қазан айынан бастап жыл соңына дейін тауық өнімдерін шет елге шығаруды доғара тұрмақ.

 

Құс еті тапшы болуы мүмкін

Былтыр отандық құс фабрикалар 200 мың тонна бройлер өндірген. Ал биыл 240 мыңға жеткізуді жоспарлаған еді. Мақсатқа жетуге тосын жағдай тосқауыл болатын түрі бар. Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шариповтың айтуынша, қазір фабрикалардың басым бөлігінде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Отандық өндіріс ішкі нарықтың жартысына жуығын қамтып отыр. Ал егер ахуал ушығып кетсе, тауық етін Беларусь, АҚШ немесе Ресейдің құс тұмауы таралмаған өңірлерінен сатып алуға мәжбүр боламыз. Айта кетейік, кеше еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі аурудан шығынға батқандарға өтемақы беру үшін бюджеттен 390 млн тг бөлінетінін мәлімдеді.

 

Тауық жұмыртқасының бағасы қандай?

Құс фабрикаларындағы жағдай дүкен сөресіндегі тауарға қалай әсер етті. Бүгін нарықтағы баға айдарында тауық жұмыртқасының бағасына шолу жасаймыз.

Қазақстан бойынша тауық жұмыртқасы ең арзан өңір – Павлодар. Мұнда 10 данасы 230 теңге тұрады. Талдықорғанда құны 10 теңгеге қымбатырақ. Ал Оралда 300 теңге шамасында. Петропавл жұрты 10 жұмыртқаны 326 теңгеден алады. Қостанайда 350 теңге. Қазақстан бойынша жұмыртқа ең қымбат өңір – елорда. Мұнда он жұмыртқа 380 теңгеге бағаланады.

 

Екі банк лицензиясынан айырылуы мүмкін

Қазақстанда екінші деңгейлі тағы екі банк лицензиясынан айырылуы мүмкін. Мұндай болжамды Risk Takers.KZ Telegram-каналының сарапшылары жасады. Олардың айтуынша, AsiaCredit Bank пен Capital Banк пруденциялық нормаларды бұзып келеді. Яғни Ұлттық банк қойған талаптарды тиісті деңгейде орындамағынына 10 айдан асты. Дәл осындай жағдай Tengri Bank-те де болған. Қазір Қазақстан депозиттеріне кепілдік беру қоры Tengri Bank салымшыларына өтемақы төлеу механизмін қарастырып жатыр. Егер сәтті жүзеге асса, аталған қаржы ұйымдары да Tengri Bank-тің күйін кешуі мүмкін. Десе де, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігі бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартты.

 

Әлемдік нарықта мұнай арзандады

Бағаның төмендеуіне коронавирустың екінші толқыны келеді деген болжамдар әсер еткен. Лондон биржасында қараша айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың баррелі 5%-ке арзандап, 41 доллар шамасында саудаланды. WTI маркасы 39 доллар 48 центке бағаланған. Сарапшылардың пайымынша, қазірдің өзінде кейі елдер карантин шектеулерін күшейтіп жатыр. Трейдерлер бұл өндірісті тоқтатып, қара алтынға сұранысты азайтады деп қауіптенеді. Сондай-ақ бағаның құлдырауына Ливияда мұнай өндірісі қайта жанданды деген ақпарат әсер етті. Олар тәулігіне 220 мың бөшке қара алтын өндірмек. Бұл нарықта мұнай қорының көбейюіне себеп болуы мүмкін.

 

Әлемдік нарық аяқтан тұра бастады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму конференциясы сарапшылары осындай болжам жасап отыр. Олардың айтуынша, шектеулер алынғалы бері сауда порттарында қозғалыс жанданған. Жылдың екінші тоқсанында әлемдік сауда айналым 27%-ке азайған еді. Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда қазір Қытайдың су айлақтарында алыс-беріс артып келеді. Нақтырақ айтсақ, Қытай мен Гонконгтың порттарына келетін жүк кемелерінің саны 4%-ке көбейген. Ал АҚШ пен Еуропада өсім бар. Десе де, карантинге дейінгі көрсеткіштен әлі 15-16% аз.

 

АҚШ-тың бір доллары 421 теңге 58 тиынға тең

Валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 421 теңге 58 тиынға тең. Еуро 496 теңге 83 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 53 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы