428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорданың жедел жәрдем станциясына жаңа көліктер сатып алынды

  • 144
  • UPD: 11:21, 22.09.2020
Елорданың жедел жәрдем станциясына жаңа көліктер сатып алынды

Жаңа жедел жәрдем көліктері елорда тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов instagram парақшасында жазды, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.

«Медициналық жедел жәрдем станциясы мен Полиция департаментіне 114 көлік сатып алынды. Оның 65-і полицейлерге, 14-і жедел жәрдем қызметіне берілді. Ал жыл соңына дейін станцияның медқызметкерлеріне тағы 35 автокөлік беріледі. Бұған дейін 50-ден астам реанимобильдер алып бергенбіз.

Осылайша жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркі жылға жетпей екі жарым есе ұлғайды. Өткен жылы желтоқсанда автопаркте 64 машина болса, қазір енді 165 болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медициналық жедел жәрдем, Полиция департаменті, коммуналдық қызметтер, қоғамдық көлік және т.б. автопарктерін жаңартып, толықтырып отыруға барынша көңіл бөліп келеміз.

Мәселен, тұрғындар бірінші кезекте жедел жәрдем қызметіне хабарласады, олардың әрбір минуты қымбат. Медицина қызметкерлері міне, бірнеше айдың жүзі болды коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүр. Әрбір жанның өмірі үшін жанын салып, жұмыс істеп келеді. Жаңа реанимобильдерде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жасанды тыныс алу аппараты, ингаляциялық оттегі жүйесінің жинағы, монитор-дефибриллятор, электросорғыштар, артериялық қысым, қызу, тыныс алу жиілігін өлшейтін функциясы бар реанимациялық-анестезиологиялық монитор сынды барлық қажетті жабдық бар.

Маусымдық аурулар мен Covid-19 вирусын жұқтыру қаупін ескерсек, бұл автокөліктер біздің тұрғындарға барынша сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Індеттің өршіген тұсында жедел жәрдем қызметіне күніне 3 мыңнан астам шақырту түсіп отырды. Автопарк машиналарының 2,5 есе артқаны жедел көмек көрсетумен қатар медицина қызметкерлерінің де жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. Медицина мамандарын резидентурада оқытуға жарты миллиард теңге бөлінді, яғни бұл 300-дей грант.

Полиция қызметінің де автопаркі 65 машинамен толықты (бұған дейін қосымша 13 автомашина берілгенді). ТЖ режимі кезінде Полиция департаменті қызметкерлері екі ай бойы блокбекеттерде тәулік бойы кезекшілікте болды, күндіз де, түнде де тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп келеді. Барлығы да тұрғындарымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр», – деп жазды Алтай Көлгінов.

Хабар 24 телеарнасы