428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда 1,2 миллионнан астам адам тұрғылықты жері бойынша онлайн тіркелген

  • 253
  • UPD: 11:39, 22.09.2020
Қазақстанда 1,2 миллионнан астам адам тұрғылықты жері бойынша онлайн тіркелген Kazakhstan Today

Жыл басынан бері 1,2 миллионнан астам қазақстандық тұрғылықты жері бойынша электронды үкімет порталы арқылы тіркеуге тұрды, бұл ретте 699 мың қызмет алушы ХҚКО-ға барып тіркелуді жөн көрген.

Осылайша 2020 жылы egov.kz порталындағы «Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жер бойынша тіркеу» қызметіне сұраныс екі есеге жуық өскені байқалады.

Өткен жылдың сәйкес мерзімі ішінде көрсеткіш түбегейлі басқа болған. ХҚКО арқылы 2,1 миллионнан астам қызмет алынса, 726 мың тіркеу электрондық үкімет порталында жүзеге асқан.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, электронды қызметтерге деген сұраныстың күрт өсуі COVID-19 пандемиясы мен төтенше жағдай кезінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының жабылуына байланысты.

«Пандемия электронды қызметтердің дамуына үлкен серпін берді. Егер бұрын үлкені де, кішісі де қарапайым анықтамалар үшін халыққа қызмет көрсету орталығына баруды жөн көретін болса, карантин жағдайында денсаулықтарына алаңдаған азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше онлайн түрде ала бастады. Күн сайын мыңдаған адам қызмет алуға келетін мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері ретінде бұл бізді өте қуантып отыр. Азаматтарға бұдан да күрделі қызметтерді ұсыну мүмкіндігі жасалуда», – деді Балташева.

Egov.kz электронды үкімет порталында тұрғылықты жері бойынша тіркелу үшін өтініш берушінің және жылжымайтын мүлік иесінің электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Тіркелуші азамат өтініш жасап, мүлік иесі оны растауы қажет. Тұрғындарды тіркеу қызметін «Азаматтық, миграция және иммиграция» – «Халықты тіркеу және тіркеу есебінен шығару» бөлімінен табуға болады.

Хабар 24 телеарнасы