432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскемен іргесіндегі үш жарым мыңға жуық тұрғыны бар ауыл ауызсуға жарымай отыр

  • 226
  • UPD: 22:08, 22.09.2020

Өскеменнің дәл іргесіндегі Ахмер ауылындағы үш жарым мыңға жуық тұрғын талай жылдан бері ауызсуға жарымай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ықшам аудан бой көтергелі осы мәселе айтылып келеді. Бірақ мәселенің шешілер түрі жоқ дейді ауыл жұрты.

Ал әкімдіктің уәдесіне сенген жұрт әр жылды тіршілік нәрін сарғая күтумен өткізеді.

Жаңбыр суымен суарармын деп еккен бақшасынан ештеңе алмаған Марат Ахметовтың жан айғайы – бұл. Жігіт ағасы жарымжан болса да, балдағына сүйеніп жүріп істеген еңбегінің еш кеткеніне налиды. Жығылғанға жұдырық деп, биыл жауын да аз түскен. Ол жергілікті әкімдік өкілдерінің қарайған халықты суға мұқтаж етіп, қам-қарекетсіз отырғанына таң қалады.

Марат Ахметов, Ахмер ауылының тұрғыны:

– Көктемде келеді, аздап жұмыс істеп бастайды, сосын жаздың ортасына дейін жоғалады, биыл көктемде тағы бастады. Жаздың ортасына дейн береміз деген, тағы да жоқ.

Үш жарым мың тұрғынды ауызсумен қамти алмай отырған атқамінерлерден қайыр жоқ деп күдерін үзген Марат Ахметов тағы да ауылдағы құдығы бар жалғыз үйден су сұрауға кетті. Кісідегінің кілті аспанда болса да, өзге амал жоқ. Бала-шағасы, кәрі шешесі бар бір үйлі жан тасымал суға қарап отыр. Жеке үй салуға берілген жерлердің инфрақұрылым игілігінен неге жұрдай екені белгісіз.

Гүлнәр Ерғазина, Ахмер ауылының тұрғыны:

– Ең бірінші үй салғанда біз түкірігімізбен салғандай болдық, бір қасық су жоқ.

Болат Шөкетаев, Ахмер ауылының тұрғыны:

– Басталғалы 3 жыл болды, әлі бітпейді, бітті ме деп ойлап едік, биыл әлі бермей жатыр.

Ахмерге су құбырын тартуға 940 миллион теңге бөлінген екен. Жалпы магистраль желісі 23 шақырымға созылған. Жоспар бойынша, осы жазда қаталаған жұрттың ауызы тіршілік нәріне тию керек еді. Алайда оны салып жатқан мердігер компания өкілі, инженер Александр Евдокимов көптеген келеңсіздіктерге тап болдық деп ақталды. Айтуынша, пандемия қолбайлау болып, жұмыс күші жетпеген. Ашық сұхбаттан бас тартқан маманнан суыртпақтап білгеніміз осы болды.

Құрылыс жұмыстары жоспарланған кестеден ауытқыған. COVID-19-дың кесірінен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы да мердігер компанияға 67 миллион теңге берешек болып қалыпты. Дегенмен ол қаражат облыс қазынасынан жақында аударылады екен. Жұмыс баяу болса да, аяқталуға таяу деп сендірді сала өкілдері.

Нұржан Жапбаров, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Алпыс жеті миллион теңге бар, жұмыстың бәрін бітіреді. Қыркүйектің аяғына дейін жұмысты бітіреміз, қазанда суды қосамыз.

Маман айтқан күн де алыс емес. Сондықтан қырқына шыдаған халық қырық біріне де шыдамақ. Тек бұл атқамінерлердің соңғы әрі кесімді уәдесі болар деген үмітте аңқасы кепкен ахмерліктер.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы