432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында құс тұмауы тараған ауылдар карантинге жабылады

  • 189
  • UPD: 23:37, 22.09.2020

Павлодар облысында құс тұмауы тараған елді мекендерде шектеу шаралары қолға алынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір індет өршіген екі ауданда құс өлекселері өртеліп жатыр.

Сақтық шаралары басталған елді мекендердің қатарында Железин ауданының Ақтау ауылы бар.

Ақтау ауылы облыс орталығынан 200 шақырымдық жерде орналасқан. Қазіргі уақытта елді мекенге кіруге рұқсат жоқ. Кіреберісте ішкі істер органдары кезекшілікте тұр.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Железин ауданына қарасты Ақтау ауылына инсинератор, басқаша айтқанда, құс өлекселерін жағатын пеш әкелінді. Қазіргі уақытта ветеринарлық қызмет мамандары тиісті жұмыстарды атқарып жатыр. Індет тараған аумақта бүгінгі күнге дейін 60-қа жуық құс жағылды. Елді мекен аумағында барлық сақтау шаралары қолға алынды.

Ақтау ауылында 103 аула, 500-ге жуық тұрғын бар. Басым бөлігі тауық-қаз өсірумен айналысады. Құс тұмауының алғашқы деректері бірнеше күн бұрын тіркеле бастапты. Сол сәтте қоралардың бірінен өлген 17 қаз табылды.

Жанар Орынтаева, Ақтау ауылдық округінің әкімі:

– Сараптама оң нәтиже берген соң карантиндік шаралар туралы шешім қабылдадық. Құжат Әділет басқармасына жолданды. Қаулыға сәйкес ауылдан шығатын көліктердің барлығы дезинфекциялық бекеттерден өтеді. Сонымен қатар ауылдың аумағындағы жерді жыртамыз, дезинфекциялық кедергілер қойылады.

Ауру ошақтары аықталған Железин және Тереңкөл аудандарына 20 мың доза екпе бөлінді. Шаралар жедел түрде басталып кетті. Шектеу шеңберінде құс санағы жүргізілді.

Баулыбай Аужанов, Железин ауданы әкімінің орынбасары:

– Ветеринарлық заңнамаға сәйкес қауіпті ауруды таратпау үшін құс өнімдерін шығаруға және кіргізуге тыйым салынды. Жұмыртқа және тірі құс әкелуге де рұқсат жоқ. Мал дәрігерлері ветеринарлық құжаттар беруді уақытша тоқтатты.

Қазіргі уақытта Ақтау ауылына кіріп-шығатын көліктердің барлығы тексеріліп тұрады. Елді мекенге тек азық-түлік тасымалдаушылар мен шаруа қожалықтары иелеріне кіруге рұқсат бар.

Бауыржан Қаңтарбаев, Железин аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Ауру тараған аумақтың айналасындағы сегіз шақырымдық жердегі құстардың барлығы жойылады. Шараларды эпизоотикаға қарсы жасақ мамандары жүргізеді. 25 шақырымдық жер «буферлі зона» деп аталады. Ал 50 шақырымдық аумақ бақылау зонасы болады. Осы екі аумақта екпе салу жүргізілуде. Қазіргі уақытта 90 мың доза екпе бар.

Железин ауданында 90 мыңнан астам үй құсы бар. Олардың барлығы жойылады. Мамандардың айтуынша, сақтық шаралары шеңберінде жабайы құстарды аулауға уақытша тыйым салынады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы