432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шамалғандағы апат: бір жылдан соң...

  • 290
  • UPD: 23:41, 22.09.2020

Бұдан бір жыл бұрын Алматы облысындағы Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысқаны елдің есінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол жолы бір адам қайтыс болып, үшеуі ауыр жарақат алған еді. Осы бір жол қиылысында қазір қауіпсіздік қаншалықты ескерілген, зардап шеккен азаматтардың жағдайы қалай?

2019 жылдың 15 қыркүйегінде болған жол апаты санада көмескіленгенімен, салдары ұмытылмасы анық. Сол кезде автобус жүргізушісі қаза тауып, Іле ауданының тұрғыны Эльмира Жаныбекова екі қызымен ауыр жарақат алды. Олар 3 ай ауруханада жатып, бірнеше ауыр операция жасатқан. Апатқа дейін жүгіріп жүрген қыздары қазір мүгедектер қатарында. Сот шешімі шыққанымен, әлі ешқандай өтемақы алмаған.

Эльмира  Жаныбекова, апаттан зардап шегуші:

– Сегізінші қыркүйекте сот шешімі аталды. ҚТЖ компаниясынан бізге 20 миллион төленсін деп. Автопарктің ісі бойынша оның азаматтық құқы ретінде бөлек материалдық көмекті азаматтық құқы ретінде бересіңдер деген шешім шықты. 15 қыркүйекте шешім үкімі бұйрық арқылы шықты. Бірақ әлі маған ақша бөлінген жоқ. сол шешілген ақшаны төлеп береді деген үміттемін. Автопарк тарапынан маған ешқандай көмек көрсетілген жоқ.

Осы мәселеге байланысты Алматы облыстық сотына хабарласқан болатынбыз.

Самат Авганов, облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Жәбірленушілер Жәнібекова мен Әубәкірге келтірген моральдік зиянды Қазақстан темір жолы асыру жөнінде шешім шығарылды. Сот үкімі заңдық күшіне енген соң үш күн ішінде орындалуы тиіс. Қалған іске байланысты сот үкімі 17 қыркүйек күні заңды күшіне енді.

Апат болған аймақтағы көлік жолы республикалық маңызы бар жолдарға жатады. Ал теміржол арқылы тәулігіне 100-ге тарта пойыз өтеді. Сондықтан қауіпсіздікті арттыру мақсатында апаттан соң аспалы жаяу жүргіншілер көпірі салынды. Алайда оны пайдаланып жүрген тұрғындар аз. Пойыз келе жатқаны хабарланып, шлагбаум жабылса да, теміржолды кесіп өтіп жүргендер көп.

Ал аспалы көпірден өткен жолаушылар қарсы беттегі аялдамаға бару үшін ағылған көліктің арасымен жүгіруге мәжбүр. Себебі еш жерде жаяу жүргіншілерге арналған ала жолақ жоқ.

Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:

– Әрине, жаяу жүргінші өтуге арнайы жолақтар болу керек. Құзырлы мекемелер өздері арнайы белгілерді қояды деп айта аламын.

Көлік ағыны көп қиылыстың мәселесі – жаяу жүргіншілерге арналған көпір салумен бітпейтіні анық. Тығырықтан шығу үшін жаңа жолдың құрылысы қолға алыныпты. Жеті жарым шақырымды құрайтын айналма жолдың төрт жарым шақырымы осы Қарасай ауданы арқылы өтеді.

Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:

– Қасымызда тұрған қиылыспа жолдағы автомобиль жолдары толығымен жабылады. 21,5 гектар жерді біз мемлекеттің қажетіне алуымыз қажет болатын. Ол жерде қазір 26 жер телімі түсіп тұр. Бүгінде 18-і оның мемлекеттік мұқтажға қайтару бойынша алынды. Қалған 8 жер телімі иелерінің келіспеушілігіне байланысты сот құзырында қаралып жатыр.

Айналма жолдың құрылысына республикалық бюджеттен 16 миллиард қаражат қарастырылыпты. Жол құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы