432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында 45 жастан асқан әр екінші тұрғын жүрек ауруларымен есепте тұр

  • 168
  • UPD: 00:14, 23.09.2020

Ал сырқаты асқынғандар үшін коронавирус тіптен қауіпті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі ол жүрек тромбозын тудырып, өткір миокардиттің пайда болуына әкеліп соғады. Биыл кардиохирургиялық орталыққа осындай шағыммен келгендердің саны артқан.

Қарағанды облысының егде тартқан тұрғындарының 50 проценті жүрек аурулары бойынша осы мекемеде есепте тұр. Кардиохирургтер тіпті пандемияның ең күрделі кезеңінде де штаттық режимде жұмыс істеген. Себебі жүрекке операция жасау керек болса, уақытты өткізіп алуға болмайды. 

Санжар Әбжанов, облыстық кардиохирургия орталығының бөлім меңгерушісі:

– Коронавирустық инфекция жұқтырған жүрек ауруы бар науқастардың саны артса, тағы да сақтық шараларын қатаңдатамыз. Қажет болса тағы да онлайн режимде кеңес беріп, қажет жағдайда осында жатқызамыз. Қазір індет жұқтырып жатқан пациент жоқ. Ал мұндай науқастар келіп түскенде, олар жеке палатаға оқшауланып, мамандар онда тек қорғаныш костюмдерімен кіріп жүрді. 

Бір жақсысы вирусты емдеу протоколындағы дәрі-дәрмектер жүрек ауруын емдеудегі ем-домға қайшы келмейді. Сондықтан бұл кезде жалпыға ортақ сақтық шараларды ұстанған жөн дейді мамандар.   

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Соңғы тәулікте Қарағанды облысы бойынша 4 адамнан КВИ анықталды. Жалпы облыс бойынша 7 адам аса ауыр халде жатыр. Мамандар олардың бұрыннан бері созылмалы аурулары болғанын айтады. Жалпы алғанда өңірде эпидахуал тұрақты. Бірақ бұл дәрігерлерге босаңсуға негіз жоқ екенін көһрсетеді. Сондықтан олар қазір індеттің келер толқынына қызу дайындық үстінде.

Мысалы, облыс бойынша қазір 5 бірдей медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын. Солардың бірі – Жезқазған қаласында жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы. Жоба құны – 7 миллиард теңге. Нысан қазан айының соңында пайдалануға беріледі. Аумағы 7 мың шаршы метр болатын емдеу мекемесі бір мезетте 200 науқасты қабылдай алады.

Орал Мазитов, Жезқазған қалалық көпбейінді аурухана директоры:

– Жұқпалы аурулар стационарына 180, ал жансақтау бөліміне 20 төсек қойылады. 50 дәрігер, 80-нен астам орта медицина қызметкері еңбек ететін болады. Тағы жас мамандарды алдырту үшін өтініш жасадық. Қазір құрылыс жұмыстарының 70 проценті аяқталды. Жуырда іске қосамыз. Короновирустың екінші толқыны болған жағдайда науқастарға барлық қажетті ем-домды көрсетуге дайынбыз.

Қазір облыстағы 44 госпитальдің 36-сы консервацияланған. Оларды небәрі 1 сағатта қайта қалыпқа келтіріп, пациенттерді қабылдауға болады. Облыс бойынша 5 мыңнан астам төсек-орын дайындалған. Оның 400-ге жуығы реанимациялық орындар. Ал дәрі-дәрмектердің 1,5 айлық қоры бар.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы