428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұтынушы құқығын қорғайтын комитетке 8 мың адамнан шағым түскен

  • 260
  • UPD: 23:46, 22.09.2020

Жұрттан түсетін арыз-шағымда есеп жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті бұл іспен бел шешіп араласқанмен бітер іс көрінбейді.

Әсіресе, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, бөлшек сауда мен медициналық қызмет көрсету саласында кемшілік жетерлік. Енді сауда және интеграция министрлігі ұлттық тұтынушылар қауымдастығын құруды ұсынып отыр.

Заң бар. Құқық бар. Бірақ тиісті деңгейде қорғалмайды. Тұтынушы құқығын қорғайтын комитетке жыл басынан бері 8 мың адамнан шағым түскен. Министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, шағымданған адамның арызы үш сатылы деңгейде қаралады. Алғашқысы, сатушы немесе қызмет көрсетуші тұтынушының шағымын жеке өзі қарап, сол жерде шешуі тиіс. Екіншісі, құзырлы органдарға жүгінуге болады. Соңғысы, іс сотқа кетеді. Дұрысы, сотқа жеткізбей шешу дейді министр.

Бақыт Сұлтанов, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Біздің ортақ міндетіміз – сатушы мен қызмет көрсетушінің дауларды болдырмауға, ал олар туындаған кезде бірінші деңгейде шешуге мүдделі болатын жағдайларды жасау. Сот жүйесі осы бағыттағы проблемаларға тұтынушылық көзқараспен қарап, дауларды тез арада шешуге мүдделі болуы керек.

Елде тұтынушылардың құқығын қорғаумен айналысатын 65 қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Енді министрлік оларды ірілендіру арқылы салалық негізде нығайтуды жоспарлайды. Министрдің айтуынша, тұтынушылардан түскен шағымдар мен өтініштерді қабылдау әлі күнге дейін қолмен басқарылады. Автоматизация болмағаннан кейін, мемлекеттік органдардың іс-әрекетін бақылау да мүмкін емес. Салдарынан статистика бұрмаланады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Аталған бірқатар мәселе ағымдағы жылдың шілдесінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға енгізілген түзетулер арқылы шешілетін болады. Заңды әзірлеу барысында министрлік алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерттеді. Оның тұжырымдамалық негізіне ЭЫДҰ елдері тиімді пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтының аралас моделі алынды.

Мұрат Әбенов, тұтынушылар құқығын қорғау коалициясының төрағасы:

– Бір ортақ ұйым жасап, министрлікпен тікелей жұмыс істейтін, алдағы уақытты Үкімет жиын өткізетін болса, қоғамдық кеңестерге сонымен қатар, үш жақты мәселені шешілетіндей мүмкіндік босла, тиімді деп есептеймін.

Министрлік өңірлердегі қоғамдық ұйымдардың басын біріктіретін қауымдастық құруды ұсынып отыр. Үкіметтік емес ұйымдар негізінде омбудсмен институын құру да жоспарда. Сондай-ақ мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметін КРI жүйесін енгізбек. Тұтынушылар құқығын қорғау туралы тегін онлайн курстары ұйымдастырмақ. Бұл бастамалар қолдау тапса, нормативтік-құқықтық актілерге өзгертеулер енгізіледі.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Тұтынушылардың құқығын қорғау – біздің жұмысымыздың маңызды бағыты, ол барлық қазақстандықтардың мүддесін қозғайды. азаматтардың мүддесін қорғау үшін азық-түлік, медициналық қызметтер, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, фармацевтикалық тауарлар және туризм сияқты маңызды салаларға ерекше мән беру қажет. Сапасына кепілдік беруге болатын өнім өндіруге, бақылау мақсатындағы сатып алу механизімін пайдалануға, адал жарнама мен маркетингке бағытталған саясат жүргізу қажет.

Үкімет басшысы министрлікке тұтынушы құқығын қорғаудың біртұтас жүйесін жасап, тиісті шараларды қарашаның біріне дейін енгізуді тапсырды.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы