427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық оқушыларға 4 мың компьютер таратылды

  • 304
  • UPD: 00:10, 23.09.2020

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының оқушыларына 4 мыңға жуық компьютер, ал түпқарағандық балаларға мың ноутбук берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа құрылғыларды оқушылар қашықтан білім алу үшін үйінде пайдаланады. Компьютерлер бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек баласы бар отбасыларына үлестірілді.

9 сыныпта оқитын Розаның енді өз ноутбугы бар. Ағасы мен інісі үшеуі бір ұялы телефонға таласып оқитын қиын күндер артта қалды. Отбасындағы үш балаға да мектептен су жаңа компьютер берілді.

Роза Сүйіндікова, ауыл тұрғыны:

– Бізге кішкене қиындық туып тұрған еді. Қазір балаларға ноутбук келіп, балаларым қуанып, қуанышында шек жоқ.

Қарлығаш Берікқызы, 9-сынып оқушысы:

– Қазіргі таңда 30 минут сабақ оқимыз. Мысалы, бұрын 40 минут оқитын едік. Қазір өзгерген. Осындай қиын жағдай болса да, бізге сабақты логидуспен өту өте ыңғайлы және де алдыңғы жылдың кемшіліктерін осы жылы түзегені бізге қатты ұнап жатыр. Мен өзіме, ағам мен ініме ноутбук әкеп бергеніне өте қуаныштымын.

Түпқараған ауданы бойынша 11 мектепте 9 мыңға жуық оқушы қашықтан білім алып жатыр. Олардың онлайн оқуға қосылуына жағдай жасау үшін жаз бойы жүйелі жұмыс жүргізілді. Интернет пен компьютерге мұқтаж отбасылар анықталып, тізімі жасалды. Нәтижесінде мың бес жүзге тарта отбасында 3873 оқушыға 1724 компьютер құрылғысы қажет екендігі анықталып, компьютерлер сатып алынды.  

Айбаршын Өтесбаева, Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Ноутбуктер келгеннен кейін ең бірінші аз қамтылған, көпбалалы немесе мүгедек баласы бар отбасыларға таратылды. Қазіргі таңда таратылып болып, бұл қажетті құралдарды балалар онлайн сабақта пайдаланып отыр.

Ақтау қаласындағы мектептерге де 4 мыңға жуық компьютер берілді. Мәселен, қаладағы №9 орта мектепке 90 компьютер құрылғысы бөлінді. Енді олар сұраныс бойынша әр үйге таратылады. Техникаға қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінді. Жалпы Ақтаудан бөлек, Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу, Мұнайлы ауданындағы аз қамтылған отбасылардың балалары да 18704 компьютерлік жабдықпен қамтылады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы