432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Сырым» кеден бекетіндегі көлік кептелісі қашан шешімін табады?

  • 209
  • UPD: 13:20, 23.09.2020

Бұл – Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Самара облысымен арадағы шекара.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Самара – Шымкент халықаралық тас жолымен қатынайтын ауыр жүк көліктерінің осы тұста тәуліктеп тұратынын айтқан едік. Шекара бекетінде құзырлы органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері жиі рейдтер ұйымдастырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал одан нәтиже бар ма?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Бұрын бұл жерде 4 ақ өткізу жолағы болса қазір олардың саны 8-ге дейін ұлғайды. Бірақ шекарадағы кептеліс мәселесі түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Байқасақ, бұған бірнеше себеп бар екен.

Әлия Сәлиева, «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы:

- Бізге халықтан, бизнестен «8-12 сағат тұрамыз» деген көптеген өтініштер келді. «Ресей жақтан жылдам өтеміз, Қазақстанға келгенде тұрып қаламыз», дейді. Ол бизнеске де көп қиыншылық туығызып жатыр. Электр энергиясы жоқ. Трансформатор дұрыс істемейді. Және компьютер болсын, сканер болсын бәрі ескіріп қалған.

Қоғамдық ұйым өкілдерінің пайымдауынша, экспорттық бақылау бекеттерінің техникалық жабдықталуы көңілден шықпайды. «Яғни, көлік кептелісінің туындауына бұл да бір себеп», дейді олар. Дегенмен, басқарма мамандары мұнымен келіспейді.

Ерболат Ғайнешев, облыстық кірістер департаменті экспорттық бақылау басқармасының басшысы:

- Ресейдің территориясына жақын болғасын Қазақстан операторларына қарағанда, Ресей операторлары басым. Жұмыс бағытында қолданылады. Неге? Кей уақытта оперативті түрде беруге ақпараттарды. Бүкіл шығындары өтеледі, тәулігіне 8300 теңге қарастырылған әрбір маманға.

Кептелісті жою мақсатында бекетте бірқатар жұмыстар атқарылды. Экспорттық бақылау мамандарының күшімен жыл басынан бері жүк құжаттарын дұрыс рәсімдемеудің 47 дерегі анықталып, мемлекет қазынасына 40 миллион теңге өндірілген. Бірақ, шекара бекетінде мамандардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жоқ.

Нұрдәулет Сәмет, БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Барлық мәселелер бойынша біз облыс әкіміне хат жаздық. Біздің пайымдауымызша, осындай жағдайлардың жоқтығы, дәрет алу мәселесі, судың жоқтығы, электр қуатының дұрыс жасамауы оның бәрі жемқорлықтың тәуекелдеріне жағдайларына әкеліп соқтырады деп ойлаймыз.

Әлия Сәлиева, «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы:

- Өзгерістер бар қазір, екі кісіден 4 кісіні отырғызып қойған. Кезек машиналар жиналып қалса, 6 кісі келіп жұмыс істейді мына экспортты бақылаудың мамандары. Бірақ мен ойлаймын, бірінші себеп мына департамент ДГД-ның басшылары өздері келіп, өздері білуі керек. Қандай мәселе? Неге сондай машиналар тоқтап қалды? Үлкен кезек болып тұр. Олар мәселені шешу өздерінің қолдарынан келеді. Облыс әкіміне айтып, Қаржы министрлігі бар, соларға барып айтып, соларды айтып, баяғыда шешіп тастайтын жұмыс қой ол.

Карантин біткен кезден бастап Самара – Шымкент тас жолында көлік саны көбейді. Мысалы, дәл осы бекет арқылы қос тарапқа тәулігіне мың жарымдай жүк көлігі қатынайды. Кептеліс қайталанбас үшін алдағы уақытта электронды кезек жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы