432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайлық кәсіпкерлерге жарнама салығы негізсіз салынды ма?

  • 137
  • UPD: 10:18, 23.09.2020

Қостанайлық кәсіпкерлер күтпеген жерден жарнама салығының борышкері атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік төлемді өтемегендерін олар банктегі есепшоттары бұғатталғанда білген. Ал әкімдіктегілер салық заңнамасының өзгергенін бизнес өкілдеріне ескертпепті.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Қостанайлық кәсіпкерлердің ашуында шек жоқ. Жарнама салығына қарызы үшін көбісі банктік операциялар жасай алмаған. Олар 9 айдан бері борышкерлер санатына жататындарынан бейхабар болыпты. Енді уақытылы ескертпеген жауапты тұлғаларға өкпелі.

Асқарбек Әділбеков, кәсіпкер:

- Салық комитетіне хабарластым. Олар «архитектураға звонда» деді. Архитектураға звондап білсем, 103 мың теңге бір айға, сонда есептесем, желтоқсаннан бері 1 млн теңгеден артық ақша төлеу керекпін.

Облыстық әкімдіктің ревизиялық комиссиясы тексеру жұмыстарын жүргізіп, 2000-ға жуық кәсіпкердің дүкен, сауда орталықтары, сұлулық салондарында жарнамалық сипатта ақпараттар ілгенін анықтаған. Ал салықты жергілікті Сәулет бөлімі есептеген. Олар кәсіпкерлерге көрсетпей, таныстырмастан, кірістер басқармасына тікелей жіберген көрінеді.

Жібек Сейітова, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Сәулет бөлімі әуелі алдын алу шараларының бақылау жұмысын жүргізу керек еді. Яғни заңбұзушылық тіркелгенін айтып, кәсіпкерлерге хабарлама жіберуі тиіс еді. Бұл құжатта қандай заң бұзылғаны жазылып, оны түзеуге уақыт беріледі. Сонда кәсіпкер 5 жұмыс күні ішінде қарсылық білдіре алады немесе ұсынысты 10 күнде орындауға келісім береді. Алайда бұл іс-шаралар жүргізілмеген.

Қалалық әкімдік бизнес өкілдерінің арыз-шағымдарынан кейін өздерінің қате жібергенін мойындады.

Ерлан Қазиев, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Салық төлеуге тиісті хабарламаны мемлекеттік кірістер жөніндегі басқарма тарату керек еді. Ал біз кәсіпкерлерге жарнамаға қатысты тексеріс жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар болғанын айтып ескертпедік. Яғни олар бәрінен хабарсыз боп шықты.

Осыған орай кәсіпкерлер желтоқсан, қаңтар, ақпан айларына ғана жарнама салығын төлейді. Қалған жеті айға қатысты мәліметтерді қалалық әкімдік қайтарып алады. Бұл кезеңге жарнама салығы салынбайды. Бірақ борышкерлердің көбі банк есепшоттарындағы бұғатты алып тастау үшін салықты төлеп қойған. Енді бірі сауда орындарында ілінген жарнама емес, ақпараттық хабарландырулар екенін дәлелдеуге ынталы.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенбеерг

Хабар 24 телеарнасы