428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысының үш ауылында да құс тұмауы тіркелді

  • 174
  • UPD: 11:19, 23.09.2020
Қостанай облысының үш ауылында да құс тұмауы тіркелді

Соның салдарынан 200-ден астам құс қырылып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Одан бөлек, Арқалық құс фабрикасында да тауықтардың өлімі-жітімі болған. Кешелі бері ол жақта арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Қазір бізбен телефонмен тікелей байланысқа өңірдегі тілшіміз Мағауия Қалиев шығып тұр.

Диктор:

-Мағауия, комиссия тексерісінің қорытындысы жарияланды ма?

Мағауия Қалиев, тілші:

- Арқалық құс фабрикасындағы жағдай туралы ресми органдар әзірге жақ ашпай отыр. Жергілікті тұрғындардан сыр тартып, сұрастырып көргенімізде біреулер ондағы ахуал күрделі десе, енді бірі «әдеттегі өлім-жітім ғой» деп, жағдай тұрақты екендігін айтады. Бізге белгілісі, соңғы екі күнде фабрикада 300-ден астам құс қырылып қалған. Оның сынамалары Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтілді. Тауықтардың неден өлгендігі соның қорытындысы бойынша белгілі болмақ. Бұған дейін фабрикада құстардың жаппай қырылуы бұрын-соңды болмаған. Сондықтан бұл шығынның кеселден келгенін мойындамасқа болмайды. «Ал Арқалық маңындағы ауыл-аймақтарда  құстардың өлім-жітімі байқалған жоқ», - дейді қала әкімі Қайрат Әбішев. Оның айтуынша, мамандар аумақтағы өзен-көлдердің айналасын да тексеріп шыққан. Бірақ өлген жабайы құс көзге шалына қоймапты. Арқалықтан басқа өңірде тағы 4 құс фабрикасы бар. Ветеринарлар олардағы жағдай қалыпты деп отыр. Айта кетелік, құс тұмауы анықталған Маяк, Сокол және Красный Пресня ауылдарында карантин жарияланды. Қазір сол жерлерде және маңайындағы елді мекендерде зарасыздандыру, вакцинация жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Хабар 24 телеарнасы