428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында тоғыз сұрақ қаралады

  • 301
  • UPD: 15:09, 23.09.2020

Дәл қазір елордада Мәжілістің жалпы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында барлығы 9 сұрақ қаралады деп жоспарланған. Олардың арасында Жоғарғы палата – Сенат кері қайтарған заң жобалары да бар.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Араға бірнеше ай салып Мәжілістің жалпы отырысынан тікелей эфирге қайтадан қосылып отырмыз. Бірден айтайық, жиын онлайн форматта өтіп жатыр. Оған тілшілер әлі де қатыстырылмайды. Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысы әдеттегідей палата сайтындағы тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Енді күн тәртібіне көшсек. Бүгін депутаттар 9 сұрақты қарап, талқылайды деп жоспарланған. Алғашқы баяндамашылар мінберге шығып, өз баяндамаларын оқып үлгерді.

Мәселен, депутат Ирина Унжакова Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды сұрады. Оның айтуынша, қазіргі Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заң көптеген өзгеріске ұшырағанымен, тиімді бола алмаған көрінеді. Сондықтан жаңа құжат бұл мәселеге мемлекеттік басқару мекемелерін және қоғамдық институттарды жұмылдыруды көздейді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде жарияланған хабарламаның өзі, мейлі ол алдын ала ескерту сипатында болсын, полицияның ерте әрекет етуіне мүмкіндік береді. Міне, жаңа заңның осындай ерекшеліктері бар. Айта кетейік, заң жобасын 2019 жылдың қазан айында бір топ депутат әзірледі.

Бүгін талқыланып жатқан сұрақтардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасын атап өтуге болады. Құжатты осыдан бір апта бұрын өткен Сенат отырысында сенаторлар Мәжіліске кері қайтарған. Олардың айтуынша, Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Нақты айтсақ, Қылмыстық кодекстің 412-бабының 1-тармағын өзгерту ұсынылды. Жалпы заң жобасы 4 кодекс пен 10 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Құжаттың негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарын күшейту және осы бағытта қосымша шараларды енгізу. Солардың бірі – мемлекеттік қызметшіге сыйлықтың кез келген түрін сыйлауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, жиында басқа да сұрақтар талқыланады.

Хабар 24 телеарнасы