432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Салықтық төлемдер қазанның біріне дейін өтелуі тиіс

  • 249
  • UPD: 15:34, 23.09.2020

Соңғы 8 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 5 триллион теңге салықтық төлем түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік үшін төлеп жатқандар аз емес. Себебі, салықтың бұл түрін қазанның біріне дейін төлеп тастау туралы талап қойылды.

Диктор:

- Арна тілшісі Дариға Ташенова Мемлекеттік кірістер басқармасынан тікелей эфирге шығып, қазіргі жағдай туралы баяндауға дайын. Дариға, сіз эфирдесіз.

Дариға Ташенова, тілші:

- Иә, шынымен де, жақында осындай ақпарат жарияланды. Қазақстандықтар жылжымайтын мүлігі үшін барлық салықтарын осы айдың соңына дейін төлеуге міндетті. Көп азаматтарға осы айда бұл төлемдер туралы ақпар коммуналдық қызметтер қағазымен бірге келді. Қаржы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл отандастарымыздың қарызы 26,6 миллиард теңгені құрап отыр. Салықтық рақымшылық жарияланғанын ескеретін болсақ, биыл қазақстандықтар өсімақыны төлемеуге құқылы. Тек негізгі сомасын төлесе жеткілікті болады. Сол кезде өсімақы автоматты түрде есептен алынып тасталады. Бұл өзгеріс тек азаматтарға ғана емес, заңды тұлғаларға да қатысты. Алдын ала есептеу бойынша бұл өсімақы 1 миллион 200 мың адамға кешірілмек. Сонда жеке тұлғалар 4,3 миллиард теңге үнемдейтін көрінеді. Айта кетейік, көлік үшін салық төлемегендердің уақыты әлі бар. Бұл салықты жыл соңына дейін төлеп тастауға уақыт берілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, мемлекеттік кірістер комитетінің ғимаратында адам көп. Біреуі салығын төлеуге келген болса, басқалары есептелген сомамен келіспей, шағымданып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, жақында әлеуметтік желілерде халық арасында бұл мәселе көп дау туғызды. Мәселен, бірнеше жыл бұрын сатылып жіберілген темір тұлпарлар үшін салықтық төлемдер келіп жатқан жағдайлар аз емес.

Егер сіздер өзіңіздің салықтық қарыздарыңыз жайында ақпарат алғыңыз келсе, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтына кіруіңізге болады. Порталда салықтық қарыздың бар-жоғы туралы ақпарат алу батырмасына басасыз. Кейін жеке идентификациялық кодыңызды енгізіп, қажетті мәліметтерді аласыз. Айта кетейік, келер жылы салықтың бірнеше түрі біріктіріледі деп жоспарлануда. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі хабарлаған болатын. Оның айтуынша, енді жеке тұлғалардың үйі мен жеріне бір түбіртек келеді. Ал, көп пәтерлі үйлер тұрған жер салығын мүлдем жою туралы шешім қабылданды.

Хабар 24 телеарнасы