428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Урбанистер: Алматыда жауын-шашын суына бөлек арық керек

  • 167
  • UPD: 13:03, 23.09.2020

Қазақстандық урбанистер Алматыда жауын-шашын суын ағызу үшін арықты қолдануды доғару қажет екенін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның орнына жол жиегіне халықаралық талаптарға сай қалдық су жинайтын арнайы кәріз жүйесін салған жөн. Мамандардың пікірінше, қазіргі тәсіл экологияға нұқсан келтіріп отыр. Бұл бастама туралы қалалық әкімдік не дейді?

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Алматыдағы арықтардың ұзындығы 1300 шақырымға жетеді. Олардың негізгі міндеті – ағаштарды суғарып, ауаны салқындату. Бірақ тау баурайында болғандықтан, жиналған жауын суы да осы арықтармен төмен қарай ағады. Урбанистердің айтуынша, бұл әлдеқашан ескірген әдіс. «Дамыған елдерде жауын суына арналған кәріз жүйесі бар» дейді.

Әділ Нұрмақов, Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының тең құрылтайшысы:

- Себебі, жауын суымен бірге қыстан қалған жолдағы химиялық реагенттер арыққа түседі. Содан кейін ол ағаштарды улап, топыраққа сіңеді. Жерасты суларына жетеді. Арықтағы сумен ағып барып, қаланың өзендеріне құйылады. Олай болмайды. Жауын суына бөлек канализация жасау керек.

Жауын суын химиялық заттардан тазарып, кәдеге жаратуға болады. Өзен сулары келмейтін, көбіне қаңырап бос тұратын арықтарды жауып тастау қажет. «Өйткені олар көп орын алады», - дейді урбанистер. Танымал режиссер, сценарист әрі драматург Бақыт Қилыбаевтың пікірінше, Алматыны ерекшелендіріп тұрған осы арықтары. Кезінде мөлдір су ақса, қазір қоқысы көп. «Егер әрбір алматылық үйінің қасындағы арықты тазалап тұрса, экологияға көп пайдасы тиер еді», - дейді ол.

Бақыт Қилыбаев, режиссер, драматург:

- Бұл тақырыптың қоғамда талқыланып жатқаны қуантады. Өйткені Алматыда арықтың маңызы жоғары. Қала ішіндегі арықтардағы су 70-100 шақырым биіктегі мұздықтардан бастау алады. Адамға ерекше бір күш-қуат беріп, жаныңды тыныштандырады. Тек оларды күтіп, таза ұстасақ, табиғаттың бізге берері көп.

Жасыл экономика басқармасының өкілдері «кез келген азаматтың ойын тыңдап, тиімді ұсынысты қабылдауға дайынбыз, урбанистердің де бастамасы дұрыс, бірақ ол қымбатқа түседі», дейді. Мысалы, бірнеше жыл бұрын 49 шақырым арықты ауыстыруға 3 миллиард теңге жұмсалыпты.

Мұрат Жексембаев, қалалық жасыл экономика басқармасы су объектілерін қорғау бөлімінің басшысы:

- Біздің қаланың орталығында тротуар бар, жол бар және арық бар. Оған қоса, жауын-шашын суын алып кететін арық жасау оған бізде коридор жоқ. Ол бүкіл қаланы қазып, қайтадан қалаға арық жасап шығуға үлкен қаражат талап етеді. Оның бәрі алда ақылдасатын шаруа.

Бүгінгі таңда Жасыл экономика басқармасының тапсырысымен  қаладағы арықтарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Оның қорытындысы жыл соңында белгілі болады. Осы есептің негізінде болашаққа жоспар құрылады. «Бәлкім сол кезде урбанистер айтқан жауын суына арналған кәріз жүйесін 1-2 көшеде пилоттық жоба ретінде жасап көруге болады», - дейді басқарма өкілдері. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы