428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда көлікті мас күйінде жүргізу тыйылмай тұр

  • 174
  • UPD: 20:43, 23.09.2020

Бұған жыл басынан бері 400-ге жуық жүргізушінің куәлігінен айырылуы себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең сорақысы бұған дейін де жауапты болып жүргізуші куәлігінен айырылғандар көлікті мас күйінде жүргізіп, тағы қолға түсіп жатыр.

Мұнайлы өңірде ішімдік ішіп, темір тұлпар тізгіндеуден тартынбайтындар көбейген. Жыл басынан бері 432 көлік жүргізушісі мас күйінде ұсталыпты. Оның 385-іне әкімшілік хаттама толтырылып, көлік жүргізу құқығы шектелді. Ал қалған 47 жүргізушінің бұған дейін көлік басқару құжатынан айырылғаны анықталған.

Гүлназира Мұхтарова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

– Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімі бойынша олар 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Соттың қаулысымен бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған 47 азаматтың материалдары қатаң шара қабылдау үшін ҚК-тың 346-бабының 1-бөлігіне сәйкес Атырау полиция басқармасының анықтау бөліміне жіберілді.

Мұндай өрескел заңбұзушылықтар көбіне түнгі уақытта орын алып жатады. Алайда атыраулық жүргізушілер күндіз де көлікті мас күйінде жүргізуді әдетке айналдырған сыңайлы. Мысалы, мына «КамАЗ» жүк көлігі тәртіп сақшыларының назарына бірден іліккен. Көше қиылыстарындағы бақылау камераларынан оның жол жиегіндегі белгіні құлатып, ережені бұзғаны анық байқалады. Дер кезінде жеткен полиция қызметкерлері заң бұзған азаматты дереу қолға түсірген.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Көлікті мас күйінде жүргізу өзінің де, өзгенің де өміріне үлкен қауіп төндіретіні рас. Алайда мұнайлы өңірде мұндай бассыздық әлі басылар емес. Былтырдың өзінде 1200-ден астам атыраулық жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылыпты. Бұл – олардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің жоқ екеніне бұлтартпас дәлел.

Бір айдағы көрсеткішке тоқталсақ, қыркүйекте 30 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Оның алтауы – бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғандар. Өңірде өзге түгілі өз өміріне салғырт қарайтын жүргізушілер азаймай тұр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы