432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда бір түнде 900-ге жуық жүргізуші жол ережесін бұзған

  • 183
  • UPD: 20:45, 23.09.2020

Бұл – республикалық «Қауіпсіз жол» шарасы аясында анықталған жағдай.

Біздің тілшілеріміз патрульдік полициямен бірге түнгі рейдке шыққан еді. Сөйтіп жүргізушілердің ішінде құжат көрсетуден бұрын телефонмен тамыр-танысына телефон шалатындар көп екенін көріп қайтты.

Патрульдік полиция қызметкерлері мына көліктің алдыңғы нөмірі жоқ екенін байқап қалып, тоқтатты. Жүргізуші мемлекеттік нөмірінің жаңа ғана түсіп қалғанын айтып, ақталды. Полиция қызметкерлерінің көзінше оны еш қиналмастан орнына салды. Осы уақытта жүргізушінің құлағынан ұялы телефон түспеді. Алайда мәселесін шеше алмаған азамат ақыры айыппұл төлейтін болып кетті.

Полицейлер арада көп уақыт өтпей тағы бір мемлекеттік нөмірі жоқ көлікті тоқтатты. Тәртіп сақшыларына құжаттарын бірден көрсеткісі келмеген азамат танысына хабарласа бастады.

Екі көлік жүргізушісіне де 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл түнгі рейдте айыппұл арқалағандар аз болмады. 

Жандос Мұратәлиев, қалалық әкімшілік Полиция басқармасының басшысы

– Алматы қаласында бір тәуліктің ішінде ғана 897 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Ең ауыр жол ережесін бұзғандарды айтатын болсақ, тек 8 жүргізуші ішімдік ішіп ұсталды. Одан басқа 1 жүргізуші алдын ала жүргізу куәлігінен айырылып, жүргізіп бара жатқан кезде ұсталды.

«Қауіпсіз жол» шарасы еліміз бойынша әлі екі күн болады. Патрульдік полицияның назарына ілігіп, артық шығындалмайын десеңіз, жол ережесін бұзбауға тырысыңыз.

Авторлары: Алуа Маханбет, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы