430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде заңсыз құрылыс көбейіп барады

  • 100
Өскеменде заңсыз құрылыс көбейіп барады

Қазір бұл аумақтың шаңы шығып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрын спорттық алаңқай болғанынан тек көшеге орнатылған электр бағаналары мен шамдардан ғана білуге болады.

Николай Осипцев, қала тұрғыны:

– Ойын алаңының 6-ақ секундта тас-талқанын шығарды. «Енді көпқабатты үй саламыз», – дейді. Бұл жердегі үйлер бір-біріне онсыз да өте жақын салынған. Бұл – бір. Екіншіден, судың жағасы, яғни қорғалатын аймақ. Ал ереже бойынша ондай жерге ешқандай нысан салуға болмайды.

Құрылыстың заңды салынып жатқанына тұрғындар күмәнмен қарайды. Өйткені кәсіпкер жер учаскесін алғанда қала әкімдігіне балабақша салатынын және мақсатты пайдаланатынын айтқан. Бірақ нақсы іс жүзінде көпқабатты үйдің құрлысын бастаған. Құжатында да үй екені жазылған. Бірақ кәсіпкер балабақша да саламын деп отыр.

Геннадий Лебедев, кәсіпкер:

– Балабақша салынатынын тағы да айтамын. Бірақ қазір емес. Алдағы бірнеше жылда салуды ойлап отырмыз.

Балабақша салуды кәсіпкер ойланып жүргенде аймақтық адвокаттар алқасындағы заңгерлер мемлекеттің меншігіндегі жердің қалай жекешеленіп кеткеніне көз жеткізбек.

Қанат Кемпірбаев, заңгер:

– 2019 жылғы желтоқсан айында сол кездегі қала әкімінің міндетін атқарушы Рахымжанова хоккей қорабының жер телімін сатып алу-сату шарты негізінде жекеге берген. Міне, осы құжатта барлық жауап тұр. Яғни бұл аумақ жекеге өтіп кеткен.

Жекеге өтіп кеткенін қаланың бас сәулетшісі де растап отыр. Бірақ құжаттарды рәсімдеу кезінде қателік кетуі де мүмкін екенін айтады. Тұрғындар мен қоғам белсенділерінің наразылығынан соң қала әкімдігі балалар алаңқайын кәсіпкер есебінен салғызу үшін келісімге келгенін жеткізді.

Эльдар Төлеубеков, қала әкімінің орынбасары:

– Қаланың бас сәулетшісімен ақылдаса отырып осы жерді иесімен бала демалатын жерге қалдыру мақсатында пайдалану жөнінде келістік. Қалалық әкімшіліктің алдына қойып отырған мақсаты сол. Халықтың мұқтаждығын орындап береміз деген шешімге келдік.

Шешімге келгенмен, дәл осы аумақ кәсіпкердің меншігіне заңсыз берілгенін қалалық прокуратура анықтады. Енді екі жақты келісімді заңсыз деп тану үшін сотқа ұсыным жолдады.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы