429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-лық тұрғындар құстарды жоюға қарсылық білдірді

  • 161
  • UPD: 20:27, 23.09.2020

Новорыбинка ауылының тұрғыны Нина Рафальская тауық, үйрек, қаз ұстайды.

Негізгі күнкөріс көзі де осы. Құс тұмауы басталғаннан бері 100-ге тарта құсын сыртқа шығармай қамап тастаған. 

Нина Рафальская, Новорыбинка ауылының тұрғыны:

– Әкімдік қызметкерлері келіп, кімде қанша құс бар екенін санап кетті. «Не үшін?» деп сұрап едік. Нақты жауабын айтпады. Естуімізше, бәрін өртеп жібермек. Содан бері жұрт құстарын тығып отыр.

Бұл хабарды естіген тұрғындардың дені жаз бойына бағып-қағып өсірген құстарын соя бастаған. Себебі қыста азықсыз қаламыз ба деп алаңдайды.

Алексей Исаев, Новорыбинка ауылының тұрғыны:

– 40 үйрегім болды. Амалсыздан сойып тастадым. Қазір кішкентайлары ғана қалды. Қызым өсірді ғой. Бәрі де сап-сау. Ал әкімдіктегілер: «Барлығын жоямыз», – дейді. Ауырмаса, біз оларды не үшін беруіміз керек?

Мұнда құстар қыркүйек айының басында қырыла бастапты. Бүгінге дейін шамамен 400 бас қанатты өлген. Бірақ соңғы аптаға бірде-бір өлім-жітім тіркелмеген.

Ауылда құс тұмауының ошағы табылғаннан бері жергілікті халықтан маза кеткен. Қазір тұрғындар құстарын қамауда ұстап отыр. Тіпті көшеде жайылып жүрген қанаттыларды да кездестірмейсіз.

Жауапты мамандардың пайымдауынша, аталған ауылда 2800-ге жуық құс бар. Енді талап бойынша жақын күндері олардың барлығы өртеледі. 

Владимир Юртов, Жамбыл аудандық бас ветеринар дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Індет табылған аумақтан барлық құс жойылады. Ол ауру не сау болсын, бәрібір. Заң сондай. Мұнда екпе жасалмайды. Ережеге бағынуымыз қажет. Халық қазір мұны дұрыс түсінбей, шу шығарып жатыр. Сәйкесінше тұрғындарға өтемақы төленеді. Ол үшін комиссия құрылды.

Новорыбинка қазір карантинге жабық. Ауылдың шетіне блокбекет орнатылып, мамандар күні-түні кезекшілікке көшті. Яғни бұл жерден құс еті мен өнімдерін тасымалдауға шектеу қойылды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы