427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ел аймақтарында құс тұмауына қарсы шаралар жүріп жатыр

  • 143
  • UPD: 20:37, 23.09.2020

СҚО-ның 6 ауылы карантинге жабылады

Бүгін Қостанай облысындағы үш ауылдан құс тұмауы анықталды. Ал СҚО-ның бірқатар ауылында карантин енгізілді. Қарағанды облысында 100-ге жуық үй құсы қырылған. Олардан алынған сынаманың нәтижесі әлі белгісіз.

СҚО-да құс тұмауының таралу аумағы кеңейіп барады. Егер бұған дейін 11 ауыл карантинге жабылған болса, бүгін тағы төрт аудандағы 6 елді мекенге шектеу шаралары енгізіледі. Бұл туралы облыстағы Ветеринария басқармасы хабарлады. Осылайша құстардың жаппай қырылуы 17 ауылда ресми тіркелген. Жеке фермалардағы өлген құстардың саны 13 мыңға жетті. Сонымен қатар құс фабрикаларында шығындар бар. Өңірде өтемақы төлеу әлі басталған жоқ, бірақ арнайы комиссия құрылды. Әкімдік өлген құстарды жою және актілеу жұмыстары республиканың бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторының қаулысы шыққаннан кейін басталатынын айтты.

Марат Ыбраев, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өңірлік инспекция жетекшісі:

– Қазір ауру жұқтырған құстардың өртеу жұмыстары басталады. Ал аулалар мен қораларда дезинфекция жүргізіледі. Ауырған құстармен қатар тұрған үй құстарының да көзі жойылады.

 

Павлодарда құс тұмауы бойынша жаңа деректер тіркелді

Павлодарда Тереңкөл ауданының Трофимовка ауылы карантинге жабылды. Аудан әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, облыста қанаттылардың жалпы саны 97 мыңға жетеді. Оның 18800-не екпе салынған. Ал сақтық шаралары шеңберінде ауыл аумағында дезинфекциялық кедергілер қойылмақ. Қазір қырылған құстардың саны 2 мыңға жеткен, оның 226-сынан құс тұмауы нақты анықталған.

Қайырбек Әпсәлямов, Тереңкөл ауданы, Трофимовка ауылының әкімі:

– Жоғарыпатогенді құс тұмауы табылды. Қазіргі уақытта аулалардағы қанаттылардың санағы басталды. Жаңақұрылыс ауылдық округінде 5 мыңнан астам құс бар. Ал Трофимовка ауылында 1800 құс бар. Екпе салынды. Қораларда дезинфекциялық шаралар жүргізілді. Карантиндік шаралар басталып кетті.

 

Құс тұмауы Қостанай облысының үш ауылында тіркелді

Қостанай облысындағы Арқалық құс фабрикасының жұмысы уақытша тоқтатылуы мүмкін. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың сарапшылары бұл мәселе бойынша өз қорытындысын ертең шығармақ. Егер құс тұмауы расталса, қалада да, кәсіпорында да карантин енгізіледі. 200-ден астам қанатты қырылып қалған. Жергілікті әкімдік мамандары аумақтағы өзен-көлдердің айналасын тексеріп шыққан. Бірақ өлген жабайы құс көзге шалынбапты. Айта кетейік, құс тұмауы анықталған Маяк, Сокол және Красная Пресня ауылдарында карантин жарияланды.

Самат Қалиев, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:

– Қазіргі кезде құс фабрикасында індеттің таралуына жол бермеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, құс қоралары, басқа да бөліктері толық тазартылып, зарарсыздандырылады. Әзірге кәсіпорын жұмысын тоқтатқан жоқ. Әрі қарай не боларын сарапшылардың қорытындысынан кейін ғана айта аламыз.

 

Қарағанды облысында құстардың неден қырылғаны әлі де белгісіз

Қарағанды облысының Нұра ауданынан үй құстарының қырылуы туралы әлі де шағымдар келіп жатыр. Тұрғындардың сөзінше, қырылған құстар саны 100-ден асып жығылған. Бірақ мамандар ауыл тұрғындарының сөзін растауға асығар емес. Себебі ветеринарлар қырылған құстарды бас-басына санап, тек 51 деректі растаған. Қазір белгісіз індеттен қырылған үй құстары тұрған 10 шақты аулада дезинфекциялау жүргізілген. Ал Нұр-Сұлтан қаласына жіберілген сынамалардың қорытындысы тек апта соңында шығады деп күтіліп отыр.

Авторы: Дәуренбек Бағдәулетұлы

Хабар 24 телеарнасы