428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік алаяқтар көлік нөмірін ұрлап, иесінен ақша сұрап бопсалаған

  • 1681
  • UPD: 20:47, 23.09.2020

Ақтөбедегі алаяқтар Ресей мен Армения елдерінде есепте тұрған көліктердің нөмірін ұрлап, иесінен интернет арқылы ақша сұрап, бопсалайды.

Қазір жергілікті Полиция департаментіне осы тақылеттес 40-тан астам жәбірленушіден арыз түскен.

Ақтөбелік жүргізуші Гауһар Тас кешкілік көлігін әдеттегідей ауласының алдында қалдырған. Нөмірінің ұрланғандығын ертеңіне таңертең терезесінің алдына қалдырған бір парақ қағаздан біледі. Ұрылар: «Интернеттегі есепшотқа ақша аударғаннан кейін нөмірдің жатқан орынын айтамыз», – деген. Жәбірленуші дереу полицейлерді шақырып, арыз жазғанымен, талап еткен соманы аударып, нөмірін қайтарып алыпты.

Гауһар Тас, жәбірленуші:

– Алдыңғы әйнекке жазба қалдырып кеткен. Орысша жазылған. «Нөміріңді қайтарғың келсе, Telegram-ға жаз», – деген. Содан кейін мен Telegram-ға шықтым. Олар менен 20 мың тг сұрады. Мен 10900 теңге төледім. Содан кейін олар маған геолокациямен фотосымен қосылған координат жіберді. Мен сол жерден барып алып кеттім.

Жүргізушілер: «Ұрылардың дегенін жасауға тура келеді», – дейді. Себебі шетелде есепте тұрған көліктің нөміріне қайтадан тапсырыс беру оңай емес және қосымша шығыны көп. Сондықтан талап еткен қаражатты бере салуды жеңіл жолы деп есептейді. Жеңіл ақшаға кенелемін деушілердің де еркінсуі де сондықтан.

Асхат Тақауов, жүргізушілер бірлестігінің әкімшісі:

– Ақша бопсалаушылар бірнеше рет төлем жасауды талап етуі де әбден мүмкін. Сондықтан олардың талабына мойынсұнбай бірден полицияға хабарласқан жөн. Заң жүзінде нөмірге қайтадан тапсырыс беріп, жаңасын жасатып алуға кеңес береміз.

Тәртіп сақшылары бұл деректерге қатысты 4 күдіктіні қолға түсірген. Біреуі – кәмелет жасына толмаған жеткіншек. Олар негізінен қараңғы аулалардың торуылдап, қауіпсіздік дабылы орнатылмаған көліктерге көз салып келген.

Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Ұрланған мемлекеттік нөмір үшін күдіктілер 20 мыңнан 50 мыңға дейінгі теңге көлемінде ақша сұраған. Барлық дерек бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы, 2-бөлігі «Бопсалау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Полицейлер 40-тан астам азаматтың арызы бойынша тергеу жүргізді. Ал қанша жанның тәртіп сақшыларына жүгінбей, алаяқтарға қаражатын бере салғандығын анықтау тіптен мүмкін емес.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы