427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтанда жылы аялдамалар жабық тұр

  • 154
  • UPD: 21:47, 23.09.2020

Елордада күн суытты. Жауын да тоқтаусыз жауып тұр.

Ауа райының құбылуы жөнінде синоптиктер алдын ала болжаған. Төтенше жағдайлар қызметі де ескерту жасаған.

Алдағы аптада күннің суи түсетінінен қала әкімі Алтай Көлгінов те хабардар. Ол кеше арнамызға берген сұхбатында жылы аялдамалардың жылдамдатып іске қосылатынын айтқан еді. Әкімнің осы айтқаны іске асып жатыр ма?

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күйбең тірлік жалғаса береді. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарға жайлы болу үшін осындай жылы аялдамалар салынған. Қыстың аязында, күздің қара суығында немесе осындай жаңбырлы күні адамдар паналасын деген ниетпен салынған еді. Бірақ елордада алғашқы ызғар лебі сезілгенде адамдар оның игілігін көре алды ма екен?

– Қыруар ақшаны не үшін жұмсады? Осылай жабық тұруы үшін бе? Олардан не пайда? Міне, желдің өтінде тоңып тұрмыз. Үй ішінде де суық. Әлі жылу берілмеді. Дала да мынау.

– Автобус жолаушыларын адам құрлы санамай ма? Мына қойғандары енді іске алғысыз. Өздері қаржыны жұмсап, есеп беруге шебер. Бірақ түптеп келгенде жолаушыларға түкіргені бар. 

– Әлеуметтік желіде жылы аялдамалар ашылды дегенді оқып едім. Енді, міне, ішіне кіріп көрейін десем, жабық тұр.

Еліміздің бас шаһарында ұзын саны 105 жылы аялдама қойылған. Қала әкімі Алтай Көлгінов арнамызға берген сұхбатында бұл аялдамалардың іске қосылатынын айтқан еді.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

– Карантин кезінде вирус жұқтыру қаупі болған соң жабылған болатын. Күн суытқан кезде қайта ашамыз.

Сонымен сынап бағанасы – 7 градус. Жауын жауып тұр. Ал біз барған аялдамалардың барлығы жабық болып шықты. Індеттің таралуын алдын алу мақсатында көктемде жабылған аялдамалар қайта ашыла ма екен? Ол жағы түсініксіз.

Ашылған күннің өзінде санитарлық талаптар қалай сақталады? Ол жағы да әзірге беймәлім.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы