429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы тауарлы сүт фермалары жергілікті нарықты қамтуда

  • 197
  • UPD: 23:29, 23.09.2020

Биыл Ақмола облысындағы Бурабай ауданында 11 млрд теңгелік ауылшаруашылық өнімі өндірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақта жаңадан тауарлы сүт фермалары құрылып, асыл тұқымды ірі қара мал басы артып келеді. Бұл ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Әділет Ахметов мал шаруашылығын 2015 жылы бастады. Биыл Қоянды ауылында тауарлы сүт фермасын ашып отыр. Қазір мұнда 120 симментал тұқымды сиыр сауылады. Жоба құны – 150 млн. теңге. Енді шаруа жұмысшыларға жатақхана салып жатыр.

Әділет Ахметов, «Қоянды Агро» ШҚ коммерциялық директоры:

– Қазіргі уақытта сүт сауып жатырмыз. 1 тоннадан астам сүтті күніне зауыттар өздері келіп әкетеді. Кейін бұқаларын етке, бұзауларын әрі қарай бағытта өсіруді қолданамыз.

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген тағы бір кәсіпкер – Болат Әбдірахманов. Қазір оның шаруа қожалығында 600-ге жуық ірі қара малы бар. Биыл 80 млн. теңге несие рәсімдеп, жаңа тракторлар сатып алды.

Болат Әбдірахманов, кәсіпкер:

– Қазіргі күні Үкімет тарапынан өте жақсы кредиттер беріліп жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы», «Ырыс», «Сыбаға» бағдарламалары өте тиімді. Агрокредиттік корпорация, қаржылай қолдау қоры арқылы жұмыс істесе, өте тиімді. Биыл сүттің де бағасы жақсы.

Бурабай ауданында мал шаруашылығы дамып, қайта өңдеу саласы да қанатын кеңге жайып келеді. Қазір мұнда 6 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. 

Әсет Мұздыбаев, Бурабай ауданының әкімі:

– Тауарлы сүт фермаларын құру жұмысы жалғасып жатыр. Тағы бір кешен «Кіндік Қарағай» ЖШС-інде салынып жатыр. Онда Словакия елінен 120 симменталь тұқымды ірі қара малы сатып алынады. Жалпы аудан бойынша шығарылған ауыл шаруашылық өнімі 11 млрд. теңгеден асады.

Бурабай ауданында 30 мың ірі қара малы бар. Қазір ет, сүт өнімдері жергілікті нарықты толық қамтып, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларында да сатылады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Евгений Шинкоренко

Хабар 24 телеарнасы