429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кіші Талдыкөлден адам өміріне қауіпті бактериялар табылды

  • 310
  • UPD: 23:25, 23.09.2020

Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі кіші Талдыкөлдің тағдыры жұртты алаңдатып отыр.

Осы көлден қауіпті бактериялар табылды деген ақпаратқа халық сенбейді. 

Кіші Талдыкөлден тырысқақ пен адам өміріне қауіпті басқа да бактериялар табылды. Бұл туралы елордадағы урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен мәлімдеді. Оның айтуынша, көл суында әртүрлі вирустан бөлек мұнай өнімдерінің де үлкен концентраты бар.

– Біз зерттеу жүргіздік. Су өте ластанған. Онда ауыр металдардың қалдығы бар. Сондай-ақ қауіпті бактериялар да табылды. Сондықтан ол адам өміріне зиян.

Кіші Талдыкөлді тамыз айының соңында бас қаланың санитарлары да зерттеген. Нәтижесінде су құрамында темір, хлорид және сульфаттың белгіленген мөлшерден көп екенін анықтады. Бірақ жоғарыда айтылғандай, тырысқақ сынды адам өміріне аса қауіпті вирустар жоқ деп кесіп айтты.

– Микробиологиялық, вирусологиялық және паразитологиялық зерттеу жүргізілді. Бірақ мұндағы қауіптілік нормадан аспайды. Суда тырысқақ вибриондары табылған жоқ.

Көлге жақын үйлерде тұратын тұрғындардың да өз уәжі бар. Олардың айтуынша, көлдің суын құрғатып орнына құрылыс жүргізуі мүмкін. Жұртшылық осыдан қауіптенеді.

Бахтияр Омарханов, қала тұрғыны:

– Мен баламмен серуенге шыққанда аққулар, үйректер және сан түрлі құстарды көремін. Бұл өте керемет көрініс. Бұл жерде кей кезде балық аулайтынымыз бар. Біз көлді құрғатуға қарсымыз.

Ал халық: «Қолда бар алтынның қадірін білсек екен», – дейді. Олар көлді құрғатуға түбегейлі қарсы. Себебі бұл жерді түрлі құс, аңдар мекендейді. Кіші Талдыкөлге жанашыр азаматтар мұнда қауіпті вирус бар дегенге мүлдем сенбейді. Тіпті олар шындыққа көз жеткізу үшін өз қаржысына тәуелсіз сараптама жүргізуге де дайын.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы