427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында экологияны жақсартудың жол картасы әзірленеді

  • 145
  • UPD: 22:17, 23.09.2020
Қарағанды облысында экологияны жақсартудың жол картасы әзірленеді

Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларының экологиялық жағдайын жақсарту үшін арнайы жол картасы әзірленеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жайында экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов мәлімдеді. Қарағанды облысындағы ірі кәсіпорындар жыл сайын 600 мың тоннаға жуық зиянды заттарды ауаға таратады екен. Оның 90%-і өңірдегі екі алпауыт компанияға тиесілі. «Өкінішке қарай, өндіріс қалдықтары тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай зардабын тигізіп отыр», – дейді қоғам белсенділері. Сондықтан бұл кезек күттірмейтін жұмыс. Ал экологтар жол картасын әзірлегенде кәсіби мамандарды көптеп тартуды ұсынады.

Дмитрий Калмыков, эколог:

– Мамыр айында Теміртаудағы металлургиялық комбинаттан таралатын зиянды қалдықтардың шекті мөлшерін анықтау үшін министрлік ұсынысымен арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Біз сарапшыларды, қоғам белсенділерін, табиғат жанашырларын, табиғатты қорғау жобаларын жүргізуге лицензиясы бар мамандарды жинап, өз ұсынысымызды жолдадық. Өкінішке қарай, кері байланыс болмады. Теміртаудың экологиясын жақсартуға арналған кешенді жоспарға біздің ұсыныстарымыз енбеді. Қағаз күйінде қалды. Осы жолы да солай болмауын сұраймыз. Жол картасын әзірлегенде кәсіби мамандармен санасса деген тілек бар.

Ерлан Саиров, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Онкология мәселесінің экологияға тікелей бағынышты екенін барлығымыз білеміз. Қарағанды облысында 100 мың адамға шаққанда, қателеспесем, 237 адам онкология ауруына шалдығады. Бұл – Қазақстандағы ең жоғарғы цифрлардың бірі. Тағы бір өкініштісі, осы 237 адамның көпшілігі сол жаңағы Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларынан шығады.

Хабар 24 телеарнасы