432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында көл, тоғандардың жағалауы күл-қоқыс алаңына айналып кеткен

  • 323
  • UPD: 11:29, 24.09.2020

Кәсіпкерлердің бекітілген міндеттемелдерді орындамау салдарынан  шашылған тонна-тонна қалдықтар қоршаған ортаны ластап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Талас ауданындағы Бөгеткөл мен Ақкөл көлдерінің жағасы қоқысқа толып, адам жиіркенетіндей күйге түскен. Мамандар кейбір табиғат пайдаланушылары көлдің балығын сатып қалтаға басуды ғана ойлайтын болған деп отыр. Ал, тазалыққа тиісті деңгейде мән берілмей тұр. Біздің тілшілер су айдындарын аралап мәселені анықтады.

Көлдердің жағдайын көру үшін бірнешеуін аралап көрдік. Расында төңірегінде қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті облыстағы ең үлкен деген көлдердің өзі ластанып кеткен.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Ақкөл көлінің жағалауы күл-қоқысқа толып барады. Мынандай бөтелке, баклажка, пакет, шүберек, міне тіпті кейбіреулер аяқ-киімін тастап кететін болған. Ал біз қазір жағалаумен бір-бір жарым шақырым жер жаяу жүріп келе жатырмыз. Төңіректе бірде-бір қоқыс тастауға арналған орын, не жәшік орнатылмаған. Салдарынан қоқыстар үйіліп-үйіліп жатыр. Бұл жел тұрғанда суға қарай ұшып, көлдің табаны мен жағалауын ластап жатыр. 

Ақкөлдің 5 шақырым жағалауында әуесқойларға балық аулауға рұқсат етілген. Алайда тазалыққа қарап, бақылау жасап жатқан ешкім жоқ. Жағалау жақын арада тазартылмаған. Қоқыстардың көптен бері жиналмай жатқаны көрініп-ақ тұр. Оны балықшылар да растап берді. 

Шухрат Сангилов, әуесқой балықшы:

– Көлдің жағдайы нашар. Тазалық мүлдем жоқ. Қоқыстарды тазартпайды. Келген сайын шашылып жатады. Қалдықтарды жинап кеткеннің өзінде тастайтын орын жоқ. Бір жерге үйіп кетеді. Ол көп ұзамай қайта шашылады.

Көл жағасында бірнеше сағат жүрдік. Төңіректе «Әй, дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ!» Қорықшыларды іздеп жүріп таппадық. Жағалауда екі жерден құлыпталған дүңгіршік ғана тұр. Көлді жалға алған кәсіпкерді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы тауып хабарластық. Кәсіпкер көлді таза ұстау міндетіне кіретінін мойындап отыр. Жуырда сенбілік өткізіп, қоқыс жәшіктерін орнатуға уәде берді. Алайда жағалаудың ластануын балықшылардан көреді.

Ермұхамбет Ақынбеков, «Қойшыбай Ата» ШҚ атқарушы директоры:

– Оны біз сырттан әкеліп жатқан жоқпыз. Алдында темір қоқыс тастауға арналған жәшіктер орнатқан болатынбыз. Енді халықтың арасында болған соң ұры-қары болады дегендей темірді металға өткізіп қойған болатын. Мұның барлығын ескере отырып біз алдағы уақытта жұмыстарды жасауға дайынбыз.

Ал Бөгеткөлдің қожайынын мүлдеп таппадық. Мұндағы жағдай да мәз емес. Айналасы шашылып жатқан қоқыс. Мұнда да қалдық тастауға арналған орын жоқ. Тақтайшаға жазылған нөмірлерге қоңырау шалып көрдік. Тұтқаны ешкім көтермеді. Мамандар бар проблема талаптың орындалмауы мен жұртқа түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегеннен деп отыр. Айтуларынша, кәсіпкерлер көлдің балығын сатып қалтаға басуды ғана ойлайтын болған.

Ерназарбек Жантаев, облыстық табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы:

– Көлді алған кәсіпкердің өзіне жаза қолдану керек. Хат жіберіліп жатыр. Өйткені сол көлді ұтып алған кезде бизнес-жоспарда көрсетеді. Қорықшы ұстамайды. Өйткені ол қорықшы ұстағаннан кейін жалақы талап етеді.

Жалпы облыста 118 су айдыны бар. Оның 97-і табиғат пайдаланушыларға жалға берілген. Алайда бұл кәсіп иелерінің басым көршілігі көлдерді ұқыпты пайдаланбай отыр. Жүргізілген тексеру кезінде 69 су айдынының қожайыны түрлі кемшіліктерге жол бергендігі анықталды. Енді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы олармен келісімшартты бұзбақ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы