432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстауда газ тапшы

  • 233
  • UPD: 21:40, 24.09.2020

Себебі, Жаңаөзендегі зауыттан ай сайын берілетін көгілдір отынның шекті нормасы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бірақ бұл бірнеше күнге ғана жетеді», - дейді газ құю бекеттерінің иелері. Олар биліктен сұйытылған мұнай газының көлемін арттыруды талап етіп отыр.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Маңғыстау облысында 300-ге тарта газ құю бекеті жұмыс істейді. Олардың 60-тан астамы Ақтау қаласында орналасқан. Бекеттердің бірінде сұйытылған отын сатылып жатыр. Ал енді біразында «газ жоқ» деген тақтайша ілінген.

Блиц 1:

- Жол бойы 3-4 бекетке тоқтадым, барлығы жабық. Тек мұнда ғана газ бар.

Блиц 2:

- Көп жерлер жабық тұр. Көп газ құю бекеттері қаланың сыртында ашық, ал іште жабық. Іште 1-2 жерде бар екен. Енді былайша ептеп, газ құйып жатырмыз.

Маңғыстау облысына Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытынан ай сайын 14 мың тонна газ беріледі екен. Оның 3,5 мыңдай тоннасы электронды сауда алаңдары арқылы сатылады, қалған 10 мың тоннасы газ бөлумен айналысатын 5 ірі мекемеге бөлінеді. Аталған мекемелер өңірдегі кәсіпкерлерге теңдей бөліп береді.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Мәселен, бір газ құю бекетіне айына 40 тонна газ кесте бойынша беріледі. Бір бөлігі айдың басында, бірі ортасында, қалғаны соңында беріледі. Кейбір газ құю бекеттерінде сұйытылған отын тез сатылып кетеді де, газдың тапшылығы туындайтыны сондықтан екен. Осыған байланысты кәсіпкерлер жергілікті биліктен берілетін газ көлемін арттыруды талап етіп, өтініш тастады.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, айдың аяғына дейін мәселе шешімін таппақ. Күрделі жөндеуден өткен Атырау газ өңдеу зауыты ашылып, қосымша 3 мың тонна сұйытылған газ жеткізілетін болды. «Бұған қоса, бекеттерге тағы мың тоннадай көлік отыны беріледі», - дейді мамандар.

Бауыржан Ерпан, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының газ бойынша инспекторы:

- Қазіргі таңда 2 жер қойнауын пайдаланушы мекеме, солардан кең фракциялы жеңіл көмірсутектерін алдық. Сол көмірсутектерінен қосымша сұйытылған мұнай газы өндіріледі. Оның көлемі 1124 тоннаны құрайды. Сол көлемді газ желісі ұйымы арасында қағидаға сәйкес бөлінді 5 мекеме арасында. Соның 1124 тоннасының 25%-і электронды сауда алаңдарына жолданады. Ол 281 тоннаны құрайды. Қалған 843 тоннасы 5 газ желісі арқылы ұйымдарға бөлінеді. Бұл осы қыркүйек айына беріледі.

Энергетика министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңгеден аспауы тиіс. Алайда, кейбір бекеттерде 55 теңгеден де сатылып жатыр. Осыған орай арнайы мониторинг тобы бағаны өз қадағалауына алды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы