432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда «Тәуелсіз өмір мектебі» жобасы іске қосылды

  • 77
  • UPD: 22:50, 24.09.2020

Бағдарлама мүмкіндігі шектеулі жандардың қорқынышы мен өзіне деген сенімсіздігін жеңуге, әлеуметке бейімделуіне ықпал етуі тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы курстан өткен алғашқы түлектермен тілшіміз жүздесіп қайтты.

Лунара Таубалдиева – «Тәуелсіз өмір мектебі» жобасының алғашқы түлектерінің бірі. Алатаудың бөктерінде орналасқан пансионатқа келгеніне бір апта болыпты. Төрт жыл бұрын жол апатына ұшыраған Лунара бүгінде арбаға таңылып, I топ мүгедегі болып қалған. «Мүмкіндігі шектелген соң қоғамда өзіңді толыққанды сезіну қиын», дейді ол.

Лунара Таубалдиева, қала тұрғыны:

- Жасқану, одан кейін ішіңдегі ойды сыртқа шығару, шығарып айту мен үшін өте қиын.

«Тәуелсіз өмір мектебі» жобасының мақсаты – осындай жандардың қорқынышы мен сенімсіздігін жоюға, өз бетінше өмір сүруге үйрету. Яғни, әлеуметтік ортаға бейімдеу. Мұнда оларға бір апта бойы тренингтер, семинарлар, шеберлік сабақтары өтеді, әлеуметтік құқықтары жайлы кеңестер беріледі. Ал, тәлімгерердің өздері де осындай қиындықты басынан өткізген азаматтар.

Ләзат Қалтаева, «Шырақ» әйелдер қауымдастығының төрайымы:

- Әдетте біз қоғамнан, мемлекеттен барлық дүниенің қолжетімді болғанын талап етеміз. Ал, көп жағдайда мәселе өзімізде екенін ұмытып кетеміз. Ең алдымен біз ішкі кедергілерімізді жеңіп, өзгеге жалтақтамай, өз бетімізше өмір сүруге үйренуіміз керек.

«Тәуелсіз өмір мектебі» қалалық, республикалық әлеметтік жобалар байқауында бірнеше мәрте жүлде алған. Сондықтан бұл игі бастаманы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы қолдап отыр. Жоба қатысушылардың білім алуы, тұратын орны мен тамақтары да тегін.

Ләзат Жетібаева, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқарма басшысының орынбасары:

- Қалалық бюджеттен 30 миллионнан астам қаражат бөлінді. Бұл тренингтегі әлеуметтік жұмыскерлердің жалақыларын төлеуге және де осы азаматтарға керекті құрал-жабдықтарды алуға жұмсалады.

Бір апталық курс соңында қатысушыларға ортаға шығып, өз ойларын, тілектерін жазуға мүмкіндік берілді. Лунара алдыңғы қатарда отырғанымен, алғашқы болып шығуға қысылды. Дегенмен, жалғыз өзі жасыл түсті таңдап, жылы лебізін жеткізді.

Лунара Таубалдиева, I топ мүгедегі немесе Алматы қаласының тұрғыны:

- Мұндай мектеп біз сияқты адамдарға өте қажет. Сенімділік пайда болады, өзің дұрыс шешім қабылдай аласың, өзіңе деген батылдық пайда болады. Көптеген мағлұматтарды алуға болады.

«Тәуелсіз өмір мектебі» жобасы бойынша жыл соңына дейін 60-тан астам адамды оқыту көзделуде.

Авторлары: Алуа Маханбет, Әбен Нарымбаев

Хабар 24 телеарнасы