428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайлық кәсіпкерлерге есептелген жарнама салығы күшін жойды

  • 217
  • UPD: 23:10, 24.09.2020

Қостанайлық кәсіпкерлерге былтыр желтоқсан айы мен 2020 жылдың тамызына дейін есептелген салығы кері қайтарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Істі жан-жақты талқылаған қалалық әкімдік осындай қорытындыға келді. Мыңдаған бизнес өкіліне сыртқы жарнама үшін қомақты есепшот келгені туралы біздің жаңалықтарда айтылған. Енді осы олқылыққа жол берген шенеуніктер тәртіптік жауапқа тартылады.

Кәсіпкерлерге мемлекет пайдасына міндетті төлемдер мен өсімпұлдар 2019 жылдан бері ғимараттарға ілген баннерлер үшін белгіленген. Өз кезегінде олар төлем туралы мемлекеттік органдардан қандай да бір хабарландыру алмаған. Сайып келгенде, жарнама салығы үшін кейбіреуінде қарыз миллион теңгеге жетіпті. Осылайша, бизнесмендерге прокуратура, Кәсіпкерлер палатасына және әкімдікке шағымданудан басқа амал қалмаған. Осы мәселе бойынша барлық тараптың қатысуымен жиналыс ұйымдастырылды. Салық инспекциясы қомақты есепшотты облыстық ревизиялық комиссияның тексерулерінен кейін ұсынған. Ал Сәулет бөлімі шарасыздық танытқан.

Рүстем Қаркенов, қала әкімінің орынбасары:

- Әрине, сәулет бөлімінің кінәсін жоққа шығармаймыз. Қалай дегенмен, наурыз айынан бері бизнес қиын жағдайды өткеріп келеді. Елімізде Төтенше жағдай жарияланды. Карантиндік шаралар тағы бар. Бұл мәселеге екіжақты қарау керек еді.

Әкімдік кәсіпкерлердің арыз-шағымын бей-жай қалдырған жоқ. Кездесу қорытындысында 2019 жылдың желтоқсанынан бастап биыл тамыз айына дейін есептелген салық кері қайтарылатын болды.

Татьяна Антонинова, кәсіпкер:

- Енді біздің есепшотымызға байланысты жағымды жаңалық болады деп үміттенеміз. Төленген қаражаттың қайтарылуын күтеміз. Ал, ешқандай төлем жасамағандардың қарызы жойылатын шығар.

Мұндай жағдай қайталанбас үшін арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Олар бизнес нысандарын фотосуретке түсіріп, жарнамалық баннерлерді есепке алады.

Рүстем Қаркенов, қала әкімінің орынбасары:

- Кәсіпкерге хат жолданады. Онда жарнамалық сипатта хабарландырудың тіркелгені көрсетіледі. Егер ол тағы 10 күн бойы ілініп тұрса, онда салық сомасы есептеледі. Яғни, жарнаманың болу-болмауы әр кәсіпкердің таңдауында болады.

Барлық істі жан-жақты талқылау барысында қалалық сәулет бөлімінің қызметкерлері тәртіптік жауапқа тартылды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы