428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ават ауылының тұрғындары апатты көшелерге шағымданады

  • 268
  • UPD: 22:34, 24.09.2020
Ават ауылының тұрғындары апатты көшелерге шағымданады

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Ават ауылының да көшелері сын көтермейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазда ауылда мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында орталықтандырылған су жүйесі жүргізілді. Алайда, көшелерге тартылған су құбырлары дұрыс көмілмеген. Жұмыс сапасына көңілдерді толмаған ауыл тұрғындарының шағымын арна тілшісі Алмас Садуақас тыңдап қайтты.

Алмас Садуақас, тілші:

- Мына жол белгісінің сиқы қандай болса, Ават ауылындағы ішкі көшелер де апатты жағдайда. Өйткені көп жылдан бері көшелер жөнделмейді. Ал жөнделген күннің өзінде де сапасы сын көтермейді.

Ават ауылының тұрғыны Алымжан Айсаров көлік жөндеумен айналысады. Үйінің ауласы бұзылған көліктерден босамайды екен. Өйткені ауылдағы темір тұлпарлар кедір-бұдыры көп көшелердің кесірінен жиі бұзылады.

Алымжан Айсаров, Ават ауылының тұрғыны:

- Көлікті жасау үшін 30 мың теңгеге қосалқы бөлшектерін сатып алдым. Қазір ауыстырамын. Осы жолмен күнде жүреміз. Жол сапасыздығынан көлік те жиі бұзылады.

Садуақасов көшесінің тұрғындары үшін жол сапасы өзекті мәселеге айналғалы қашан. Жылда асфальт төселінеді деп күтеді. «Жуын жауса болды, көшедегі батпақтан аяқ алып жүре алмайсыз», - дейді жергілікті халық.

Мұнарбек Батталов, Ават ауылының тұрғыны:

- Жаңбыр жауса, мына жолда жүре алмайсыз, бала-шаға бар енді. Кішкентайлар, балалар мектепке бара жатқанда солар жүре алмайды. Күн шықса, топырақ болып, аяқ киімдері, шалбарлары топырақ болып қайтып келеді.

Биыл ауылға орталықтандырылған ауыз су жүйесі жүргізіліп, құбырлар тартылды. Бірақ құрылысты бастаған мердігер мекеменің жұмысы тиянақсыз. Шұңқырлар мен арықтар дұрыс көмілмеген. Ал, жергілікті әкімдік өкілдері болса, «жұмыс толық аяқталып біткен жоқ», деп ақталды.

Бақберген Тойғанбеков, Ават ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар толық аяқталып біткен жоқ. Қосымша бес көше жөнделді.

Десе де, биыл асфальт ауылдағы бір ғана Абай көшесіне төселіпті. «Оның өзі жұқа салынған. Бір жылдың өзіне шыдас беруі екіталай», - дейді тұрғындар. Жалпы биыл Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы» аясында жергілікті маңызы бар 46 жолдың 27 жөнделіп біткен. Ал, ауыл ішіндегі 24 көше ағымдағы жөндеуді талап етеді. Жалпы күре жолдарды қалпына келтіру жұмыстарына 1,6 млрд теңге қаражат қарастырылған.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы