432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында үй құстарын пеште өртеп жатыр

  • 149
  • UPD: 08:55, 25.09.2020

Ертіс өңірінде індет тараған елді мекендерде үй құстарын жою жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Тереңкөл ауданы Трофимовка ауылы тұрғындарының қанаттылары жойылып жатыр. Карантин шеңберінде елді мекенге бөгде адамдар мен көліктердің кіріп шығуына рұқсат жоқ. 

Жаңақұрылыс ауылдық округіне қарасты Трофимовка ауылында құс өлімі бір апта бұрын тіркелді. Сараптама оң нәтиже берген соң карантин жарияланды. Сол сәтте екі тұрғынның ауылынан өлген қанаттылар табылды. Бас-аяғы 200-ге жуық құс қырылды. Қазіргі уақытта елді мекенге кіреберістерінің барлығы жабық. 

Қайырбек Әпсәләмов, Жаңақұрылыс ауылдық округінің әкімі:

- Санитарлық нормаларға сәйкес ауру ошағына мамандарға ғана кіруге рұқсат. Ветеринарлық қызмет арнайы киіммен қамтылған. Құстарды аулап, жою жұмыстарын үш күннің ішінде аяқтамақпыз. Қазіргі уақытта эпиедмиологияға қарсы республикалық қызмет мамандары мен жергілікті ветеринарлар тиісті шараларды қолға алды.

Ветеринариялық заңнамаға сәйкес, қаз-тауықтар арнайы пеште жағылуы тиіс. Жергілікті әкімдік өкілдері бұған дейін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Зейнеткер Ботагөз Сыздықованың ауласында 30 шақты қаз-үйрек бар. Қанаттылары ауру жұқтырмаса да карантин талабына бағынуға тура келіпті.

Ботагөз Сыздықова, Жаңақұрылыс ауылдық округі Трофимовка ауылының тұрғыны:

- Тауықтар, соның бәрін алып қалдық, естігеннен кейін қорқып. Осылай өзімізді сақтасақ. Құстарды үйден шығарған жоқпыз, тосып тұрмыз. Осының бәрін тапсыру керек. Өзіміздің амандық үшін. 

Бүгінгі таңда ошақта бірнеше ветеринарлық топ жұмыс істеп жатыр. Әзірге 300-ден астам құс басы ұсталып, жойылды. Шектеу шаралары шеңберінде елді мекеннің айналасы жыртылып, дезинфекциялық бекет қойылды. Құстардың барлығы жойылған соң 21 күн бойы карантин режимі сақталмақ.

Ермұхамет Жұмасанов, Жаңақұрылыс ауылдық округінің ветеринар дәрігері:

- Ауылға, түгеліне хабарладық, құстар қамаулы болсын деп. Ешқандай құстар қораға жоламасын. 1800 бас бар Трофимовканың өз аумағында Жаңақұрылыс округі бойынша 2600 бас құс бар. Түгеліне вакцина жасалды аймақтарда. Қарап, тексеріп жатырмыз.

Айта кетейік, Тереңкөл ауданында үй құстарына екпе салу жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 32 мыңнан астам бас вакцинацияланды.

Еске салайық, Павлодар облысының Железин және Тереңкөл аудандарында індет ошақтары анықталған. Әзірге эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы