427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысы Жалағаш ауданында орталық аурухана жоқ

  • 176
  • UPD: 09:02, 25.09.2020

Қызылорда облысындағы 35 мыңнан астам тұрғыны бар Жалағаш ауданында орталық аурухана жоқ. Ем-дом іздеген науқастар ауылдағы емдеу мекемелеріне жатқызылған. Бұрынғы аурухана апатты жағдайда болғасын өткен жылы толығымен сүріліп, орнына жаңа медициналық нысан құрылысы басталған. 4 миллиард теңге жұмсалатын кешен жоба бойынша келесі жылы пайдалануға беріледі. Сапалы медициналық көмекке зәру тұрғындар облыс орталығы немесе өзге өңірлерге сабылуға мәжбүр. Осы ретте жергілікті билік аурухана құрылысын 2020 жыл аяғына дейін бітірудің жолын қарастырып жатыр. 

Аурухананың жоқтығы кешегі карантинде қатты білінді. Аудан бойынша 112 адамнан коронавирус анықталып, 225 тұрғын пневмонияға шалдыққан. Провизорлық стационарлар мектеп, лагерь және ауылдық ауруханаларда дайындалды.  

Аманкүл Маханбетова, Жалағаш аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Ауданнан 40 шақырым қашықтықта орналасқан Мәдениет ауылдық ауруханасы типтік жобада салынған. Сол жерге 105 инфекциялық төсекті орнатып, халыққа қызмет жасадық. Ол жақта бүкіл жабдықтармен, рентген аппараттарымен қамтылған. Пандемияның шарықтау шағы шілде айына келді. Шілде айында бізде 80 провизорлық төсек, 25 инфекциялық төсек халыққа қызмет жасады.

Пандемия шеңгел тырнағын жия қоймай, екінші толқынымен үрей ұшырған шақта ауданға заманауи аурухана керектігі анық. Сондықтан 100 орындық емдеу нысаны құрылысына 2021 жылы бөлінуі тиіс қаржыны биыл бағыттау жолдары қарастырылып жатыр.    

Асылбек Шәменов, Жалағаш ауданының әкімі:

- Нысан өтпелі болғасын жалпы қаражаты келесі жылға қаралған болатын. Қалған қаражаты 2 млрд 400 млн теңгені құрайтын. Соны енді аймақ басшысы осы мәселені көтеріп, республикалық бюджеттен сол 2 млрд 400 млн биылдыққа шешу жолдары қарастырылуда. Қазір көзделіп отыр. 

Жыл аяғына дейін медициналық нысан ел игілігіне берілгенімен оның кәріз жүйесі шешілмеген. Одан бөлек аудан орталығындағы 20 төсектік жұқпалы аурулар ауруханасы және ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана мен мектептерге қалдықсу шығаратын желі ауадай қажет. 2009-2013 жылдары 2 кезеңдік кәріз жүйесін тарту жұмыстары жүргізілген. Бірақ құрылысты өткізуші облыстық құрылыс басқармасы мен қабылдап алушы денсаулық сақтау басқармасы араларында келіспеушілік туындауы салдарынан нысандар коммуналдық меншікке алынбай қараусыз қалып, қондырғылар мен құбырлар талан-таражға түскен. Енді жергілікті әкімдік тарапынан тұрғындар денсаулығы мен санитарлық тазалыққа тікелей әсер ететін коммуналдық желіні жаңадан жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 46 миллион теңге қаржы бөлінуіне өтінім тапсырылды.

Асылбек Шәменов, Жалағаш ауданының әкімі:

- Аурухананың құрылысы емханамен байланыстырылып қасымызда инфекциялық бөлімі бар барлық микроклимат осы ауруханаға белгіленген. Осы әлеуметтік нысандардың барлығын бір кәріз жүйесіне қосып, сыртқа 8 км жерге дейін апарып, биологиялық тазарту станция қондырғылары жобаның ішінде қарастырылады. Сол кезде жоба толық іске асырылып жатса кәріз жүйесінің мәселесі шешіледі деп жұмыстарды белгілеп отырмыз.

Орталық ауруханасы жоқ ауданның дәрігерлері індеттің 2-толқынына орай Мәдениет, Аққұм ауылдары және Жалағаш кенті бойынша 150 төсек-орын әзірлеп қойды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы