430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жекеменшік балабақшалардың тең жартысы жабылуы мүмкін

  • 199
  • UPD: 09:08, 25.09.2020

Әлеуметтік бизнеске де қолдау керек. Еліміздегі жекеменшік балабақшалардың тең жартысы жабылуы мүмкін. Пандемия олардың жағдайын әбден әлсіретті. Бұл аздай мемлекеттен бөлінетін қаражат 36 процентке қысқартылмақ. 

Еліміздегі балабақшалардың жартысына жуығы, яғни 4 мыңнан астамы жекенің меншігі. Пандемия басында үкіметке мұндай тәрбие ошақтарын толыққанды қаржыландыру міндеттелген. Бірақ қазір дотацияның 36 процентке қысқаратыны белгілі болды.

Фархат Маденов, жеке балабақшалар құрылтайшысы:

- Бүкіл өңірлерде қысқарту туралы шешім қабылданған. Бір-екі өңірде тек келіп жатқан балаларға ғана ақша төленіп жатыр. Сол себепті мемлекеттік балабақшалардың қаржыландырылуы қысқартылмаған. Ол мемлекеттік мекеменің де балалары толық келіп жүрген жоқ. Неге онда бізді бөліп жатыр? 

Бір қызығы, заңда карантин кезінде мемлекеттік қаржыландыруды жүргізу тәртібі көрсетілмепті. Салдарынан «Педагог мәртебесі» заңын да толық орындау мүмкін болмай тұр. Жалақыны өсіру былай тұрсын, тәрбиешілерге 6 күндік еңбек демалысын беріп, ем-дом шараларына жәрдемақы төлеу кәсіпкерлерге қол емес. Ол үшін балабақша ақысын арттыру қажет болады. Бірақ елдегі ахуалды ескерген олар мұндай қадамға бармады. 

Лейла Күленова, Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы:

- Балалар үйде отырса да балабақшалар жұмысын тоқтатпайды. Барлық топтарды 50 процентке толтырып, жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Тәрбиешілерімізді үйде отырғызып қоя алмаймыз. Мамандарымыздан айырылғымыз келмейді. Олар үйдегі балалармен қашықтан жұмыс істеп жатыр. Ата-аналар баласының қауіпсіздігіне алаңдайды. Сондықтан санитарлық құралдарды толық алып қойдық. Ол да бізге кәдімгідей салмақ болды. Біз бәсекелестік орта болғандықтан, балалардың санын азайтпауға мүдделіміз. Шамамыз келгенше бұған жағдай жасап отырмыз.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі елімізде жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі бекітілмегенін айтады. Оған кейбір әкімдіктердің келісім бермеуі кедергі. Ал карантиннен кейін жеке бақшалардың 25 проценті қатарға қосылмаған. Оның дені тек ата-ана төлеген ақымен жұмыс істеп келгендер.

Азамат Бейсенбинов, «Атамекен» ҰКП департамент басшысы:

- Наурыз айынан бері жеке балабақшаның көбі жұмыс істемеді. Бірақ мемлекеттік қаржыландыру сақталды деген желеумен оларға 42500 теңге төленген жоқ. Иә, мемлекеттік қаржыландыру көктемде ғана тұрақты төленіп тұрды. Алайда қазір кей әкімдіктер бұл ақшаның қайда жұмсалғаны жайлы есеп сұрай бастаған. Ақшаның қайтарылуын талап еткендері де бар. Бұлай жалғаса берсе, жеке балабақшалардың жартысы жабылуы мүмкін. 

Әбден қажыған кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңға өзгеріс енгізуді сұрайды. Қазір 500 мың баланың балабақша кезегінде тұрғаны белгілі. Ахуал реттелмесе, бұл сан еселеп артуы әбден мүмкін. 

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы