428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында құс тұмауынан 6 ауданда карантин жарияланады

  • 85
  • UPD: 21:32, 25.09.2020

Қазір аймақта бір мыңнан аса құс қырылып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ветеринар мамандар жұқпалы ауруды одан әрі таратпау үшін жаппай егу жұмысын жүргізіп жатыр.

Құс тұмауы анықталған ауылдың бірі – Зеренді ауданындағы Қарлыкөл. Алма Ахметованың 80-ге жуық қаз-тауығы қырылып қалған. Шығынға батқан әйел енді уәде етілген өтемақыға сеніп отыр.

Алма Ахметова, Қарлыкөл ауылының тұрғыны:

– Ветеринар келді. Әкімдікке барып, қағаздарды тапсырып, сосын компенсациясын төлейді деді. Күтіп отырмыз.

Қарлыкөл ауылында барлығы 300-дей құс қырылған. Әлі де өліп жатыр. Боранбай Әбішев тауық-қаздарын қораға қамап қойса да, аурудан аман алып қала алмады. Өлекселерін шығарып, шетінен өрттеп жатыр.  

Боранбай Әбішев, Қарлыкөл ауылының тұрғыны:

– 48 қазым бар. Қалғаны міне. Қалғандарын күйдірдім. 90 бас тауық болған. Бәрі қырылып қалды.

Өңірде 8 ауылда құс тұмауы анықталды. Бұл елді мекендерде карантин жарияланып, құс өнімдерін сатуға тыйым салынды. 

Талғат Жүнісов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

– Бізде 6 ауданда тіркеліп отырса, тағы 5 ауданда құстың өлімі тіркелді. Қазіргі уақытта Ақмола облысында 11 ауданда құстың өлімі тіркеліп отыр. Әлбетте, бұл тіркелген аудандардағы құстың өлімі, паталогиялық материалдары зертханаға жіберілді.

Құс тұмауын таратпау үшін 510 мың вакцина мөлшері келіп түсті. Екпе егу жұмысы 10 күнде аяқталады дейді мамандар.

Ауру шыққан ауылдарда вакцина салынбайды. Бұл елді мекендерге Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы топ келіп, ең алдымен зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізеді, содан кейін тірі қалған құстарды да өрттеп жібереді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Евгений Шинкоренко

Хабар 24 телеарнасы