427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудағы құс фабрикасы жұмыртқа өндіру көлемін арттырмақ

  • 106
  • UPD: 21:49, 25.09.2020

Еліміздің бірқатар өңірін жайлаған құс тұмауына байланысты өнімнің осы түріне деген сұраныс артуы ықтимал, деп хабарлайды «Хабар 24».

Фабрика өндіріс көлемін кеңейтіп, жылына 110 млн дана жұмыртқа шығаруды қолға алды.

Аумағы 22 гектар жерді алып жатқан құс шаруашылығында 220 мың бас ақ тауық өсіріледі. Фабрика жылына 90 млн дана жұмыртқа өндіруге қауқарлы. Енді өнімге сұраныс артқан соң шаруашылық өндіріс көлемін ұлғайтпақ. Олар Ресейден тағы 56 мың бас балапанға сұраныс беріпті. Осылайша шаруашылық жылына 110 млн дана жұмыртқа өндіруге қол жеткізбек. 

Асылбек Сәрсенғалиев, құс фабрикасы директорының орынбасары:

– Күніне 120-150 мың дана жұмыртқа сауда нүктелеріне жөнелтіліп отыр. Сосын сұраныстарға сәйкес Орал қаласына, Маңғыстау облыстарына да қосымша жіберіп жатырмыз. Бүгінгі өндіріс бойынша Атырау облысын толықтай қамтуға жетеді.

Өнімдер тікелей сауда орындарына кідіріссіз жіберіліп жатыр. Мұндағы жүйе толықтай мехникаландырылған. Бұрын жиналған жұмыртқаны сұрыптау көп уақыт алатын және көп қол күшін керек ететін. Қазір жинау цехы сағатына 45 мың жұмыртқаны қабылдай алады.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, жүйе толықтай автоматтандырылған. Мысалы, мына голландиялық қондырғы жұмыртқаны осы арада өзі сұрыптайды, өзі жинайды. Сосын мына себеттер салып, әрі қарай сауда орындарына баратын жәшіктерге жөнелтеді.

Мұнда қазір 45 адам жұмыс істейді. Автоматты жүйенің арқасында кешегі пандемия кезінде де шаруашылық қарқынын кеміткен жоқ. Қазір құс тұмауы белең алғалы қадағалау да күшейтілген.

Виктор Пац, фабриканың бас технологы:

– Құс қоралар дербес жұмыс істейді. Оған сырттан мүлде қатынас жоқ. Барлық жүйе автоматты түрде басқарылады. Құс тұмауының өршуіне байланысты барлық санитарлық нормаларды сақтап жұмыс істеп жатырмыз.

Мұнайлы өңір жылына 80 млн дана жұмыртқа тұтынады. Демек құс фабрикасы қуатын арттырса, еліміздің батыс аймағын өз өнімімен қамти алатыны даусыз.

Авторлары: Арыстанбек Кенже Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы