427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да сегіз білім ошағы карантинге жабылды

  • 94
  • UPD: 21:52, 25.09.2020

Соңғы тәулікте елімізде 60-тан астам адам вирус жұқтырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Індет белгілері Солтүстік Қазақстандағы кезекші сыныптардан да шықты. Қазір өңірдегі сегіз білім ошағы карантинге жабылды. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарлады.

Солтүстік Қазақстандағы кезекші сыныптарда вирус жұқтырудың 12 дерегі тіркелді. Нөмірі 10, 44 және Смирнов ауылындағы орта мектептерде, «Бест» гимназиясында, «Булаев балабақша кешені» мен сондағы орта мектепте бір-бір жағдайдан анықталған. Ленин атындағы орта мектепте 2 және «Дарын» мектеп-лицейінде 4 жағдай. Жоғарыда аталған мекемелерде эпидемияға қарсы шаралар жүргізілді. Ал ағзасынан ауру белгісі анықталғандар 14 күнге оқшауланды. Қазіргі уақытта емделу барысы жеңіл өтіп жатыр дейді Бағдат Қожахметов.

Бағдат Қожахметов, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

– Сонымен қатар апта бұрын «Барыс» хоккей командасының әкімшілігінде 40 адамға алдын алу тексерісі жүргізілді. Нәтижесінде 11 адамнан COVID-19 анықталды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің нұсқауымен дереу шара қолданылып, стадион дезинфекцияланды. Бірақ 22 қыркүйекте науқастармен бірге болған 29 адамды тексеру барысында команданың тағы 8 мүшесінен індет белгілері табылды. Бірақ олардан вирус симптомы байқалмағандықтан, қазір амбулаториялық ем қабылдап жатыр.

Ведомствоның ресми өкілі жұмысын атқару кезінде вирус жұқтырған немесе індеттен қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу тетігі Үкіметте қайта қаралатыны туралы айтты. Қазіргі уақытта мамандардың 70 процентіне үстемеақы төленді. Медиктердің айтуынша, вируспен ауырғандардың едәуір бөлігі жүрек қан тамырлары ауруынан қайтыс болыпты.

Махаббат Бекбосынова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасы төрағасының м.а:

– Елімізде жүрек қан тамырлары ауруынан қайтыс болу көрсеткішінде көп өзгеріс жоқ. Бірақ маусым, шілде және тамыз айларындағы карантин тәртібіне байланысты көпшілік ауруын жасырған болуы мүмкін. Өйткені науқастар ауруханаға жатып, созылмалы дертін асқындырып алудан қорыққан болуы керек.

Осылайша, елімізде вируспен ауырғандардың жалпы саны 107 мың 600-ге таяды. Оның ішінде 95 проценті, яғни 102 мың 360 азамат жазылып шықты. 3 мың 515 адам қазіргі уақытта ем қабылдап жатыр. Өкінішке қарай 1 мың 715 пациент індеттен қайтыс болды.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы