427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында мектептердің құрылысы әлі күнге дейін бітпеген

  • 193
  • UPD: 21:54, 25.09.2020

Жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс болған білім ошақтарында қазір қарбалас, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мердігерлер жанталасып әлек. Алғашқы тоқсан аяқталатын уақыт жақындап келеді. Ал құрылыстың бітетін түрі жоқ. Балалар онлайн оқып жатқанымен бірқатар кезекші сынып оқушылары балабақшалар мен өзге мектептерге қатынап амалдап жүр.

Облыста мектеп құрылысына қатысты түйткіл жайт бірнеше ауданда бар. Бұған дейін бірқатар аудандағы жағдайды көрсеттік. Меркіде күрделі жөндеу жұмыстары кешеуілдеп, балаларды балабақшада оқытуға көшкен. Ал Қордайда биыл 180 және 150 орындық екі білім ошағы салынып апатты және орын тапшылығы бар мектеп мәселесі шешілу керек болған. Алайда құрылыс тұралап, жергілікті оқушылар апатты жағдайдағы ескі мектепте білім алып жатыр.

Ал мынау – сес көрсетіп, дөрекі сөйлеп жүрген Талас ауданының орталығындағы Шоқан Уалиханов атындағы орта мектеп директорының орынбасары. Бұл мектепте құрылыс жұмыстары бір айға кешіккен. Білім ошағының қызметкері жағдайды анықтауға барған түсірілім тобына дүрсе қоя берді. Қылығы құдды бір мектепті жекешелендіріп алғандай көрінді. Әйтеуір «негізгі жұмыстар біткен» деп мектеп ішіне аяқ бастырмауға тырысты. Сөйтсек, іштегі жағдай мүлдем басқа. Құрылыс толық бітпеген. Акт залы мен спорт зал жөнделмеген. Шашылып жатқан кітаптар. Мән-жай былай деп түсіндірілді.

Қабыл Сәдуақасов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі директорының орынбасары:

– 15 тамызда бітіру керек еді. Біз Бердібек Сапарбаев пен бірінші орынбасары Ержан Жылқыбаевқа ұсыныс, хат  жолдадық. Біздің хатымызды, ұсынысымызды қолдап, қаржы бөліп, қайтадан 37 млн берді. Оқу кабинеттерін толық жаңартып алуға. Мектептің сырты мен кіре беріс фойенің едені қалды. Акт залы мен спорт зал сметаға қосылмай қалды. Ол сметаның ішінде жоқ. Қаржы аз бөлінген. Қаржы жетпейіне байланысты қалып қойып отыр.

Айтуларынша, негізгі жұмыстар біткен. Тек демеушілік есебінен жасалып жатқан жұмыстар қалған көрінеді. Алайда іші астаң-кестең мектеп оқушыларды жақын арада қабылдауға дайынға ұқсамайды. Әйтеуір мердігер компания өкілдері жақын күндері бітіріп береміз деп сендірді.

Абылайхан Сарбасов, мердігер компания өкілі:

– Унитаз, дәретхана, лифкас, терезе, есік, бәрін ауыстырып біттік. Линолиумын төсеп, құйып, қосымша жұмыстарды алып қалып отыр. Қыркүйектің 30-на дейін бітіріп жатырмыз.

Аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары бір айға кешіккен. Енді ол үшін мердігерлерден өтемақы өндірілмек. Оның үстіне арнайы комиссия құрылыс сапасын тексеріп, бірқатар кемшіліктерді анықтапты. Ауданның бас мұғалімінің сөзіне сүйенсек, бұл мектептегі құрылыс мұнымен аяқталмайды. Тендр жеңімпазы белгілі болса, нысан қабырғаларын жөндеу басталмақ.

Гүлшат Қожатаева, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Бір айға кешігіп тұр. Кеткен кемшіліктер бойынша ескертулер жасалған болатын. Қосымша қаражат тамыз айында берілді. 43 млн қаражат берілді. Сол 43 миллион қаражат ЖКХ арқылы конкурс ойнатылып жатыр. Қайтадан процедура, құрылыс жүргізіледі.

Мұндай проблема Шу ауданында да бар. Белбасар мен Қонаев ауылдарындағы қос мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары созылып кеткен. Қашан аяқталып, тапсырылатыны нақты белгісіз. Әйтеуір мердігерлер жанталасып, нысанды өткізуге асығып жатыр. Ал жұрт апай-топай істелген іс шала бола ма деп алаңдап отыр. Айта кету керек, аймақ бойынша 42 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Білім басқармасының мәліметінше, оның алтауы әлі қабылданбапты. Яғни құрылыс бітпеген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы