432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе іргесінде орналасқан Ақжар ауылындағы тұтастай бір көше жолсыз қалған

  • 201
  • UPD: 23:12, 25.09.2020

Салдарынан тұрғындардың өз үйлеріне жетуі мұңға айналып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Талай жерге шағымдары жетсе де, түйткілді мәселенің күрмеуі шешілер түрі көрінбейді.

Мейрамбек Қойлыбаев – «Ақжар-2» ауылына қоныстанған алғашқы тұрғындардың бірі. Үйін салып болып, тұрмысы жайланғанда қуанышында шек болмапты. Алайда оны да, осындағы жұртшылықты да көше жолының нашарлығы әбден шаршатқан. Жөнделмегеніне біраз жыл болған. Қазір ол жерден көлік түгілі, адам жүрудің өзі қиын. Әсіресе, қарт кісілер мен балалар әзер қатынайды.     

Мейрамбек Қойлыбаев, Ақжар-2 ауылының тұрғыны:

– Көктемде су аққан кезде ойлы-қырлы болып жатады, көлік келе алмайды. Қыста боран болған кезде, анда-санда тазаласа тазалайды, тазаламаса өзіміз көршілер бірігіп, ақша шығарып, тазалатамыз. Басқа көшелерге тас төсеп жатыр. Тұйық көше болған соң, көп мән беріліп жатқан жоқ бұл көшеге.

Жолдың нашарлығы – Тұлпар көшесі тұрғындары үшін де түйіткіл мәселе. Сондықтан автобус жүрсе екен деген тілегі бар. Себебі көктем мен күздегі жаңбырда батпаққа бататындарын айтады. Оған қоса, көшеде бір шам жоқ. Жел соқса, электр желілері де істен шығып, жарықсыз қалатын үйлердің де саны көбейе түскен. Тұрғындардың мұндай мәселесіне соңғы кездері ғаламтор жылдамдығының да аздығы қосылыпты. Салдарынан бала оқыту қиындай бастаған.

БЛИЦ:

– Балалар қазір оқи алмай жатыр. Әрбіріміз жүгіреміз. Біріміз телефонға, біріміз ноутбукке. Сондықтан бала оқытатын интернет керек.

– Әрбір үйде 2-3 баладан оқиды. Бәріміз ноутбукты несиеге алдық, не пайдасы бар. Ақшасын төлеп тұрамыз. Ал оны пайдаланбаймыз.

– Тастай қараңғы түнде. Балалар ойнауға шығады. Кеш келеді. Мына көшелердің жарығын дұрыстаса екен.

Тұрғындар мәселелерін айтып, талай мекемеге барғандарына бес жыл болған. Бірақ қала іргесінде тұрса да, неліктен шешілмейтінін түсінбейді. Ал жергілікті билік өкілдері тұйық көшенің мәселесін бірден жою мүмкін емес деп отыр. Алдымен жолды ретке келтіру қарастырылған. Бірақ кезегін күтуге тура келеді дейді.

Ернар Қалауов, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Биыл 40-тан астам көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Тұлпар көшесі 2021 жылдың жоспарына енгізілген. Бір жылда бір аумақтан бүкіл көшені істеуге мүмкіндік болмай тұр.

Ал ғаламторға қатысты мәселені таяу арада шешу көзделген. Қазір бұл іспен байланыс операторларының бірі айналысып жатыр.

Жұлдыз Шалабаева, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

– Өтініш түскен ата-аналар ішінен Тұлпар көшесі де болуы мүмкін. Сондықтан желі Ақжар елді мекеніне таратылған. Таратылып тұр. Дүйсенбіге дейін қосылады деп хабардар етіп отыр.

Тұрғындар сұраған автобус мәселесі жолдың сапасы дұрысталған соң қаралмақ. Бірақ қала іргесіндегі ауыл тұрғындарының өтініші назарда дейді жауапты мекеме өкілдері.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы