427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордалық диқандар күріш жинауға кеш кірісті

  • 156
  • UPD: 08:57, 26.09.2020
Қызылордалық диқандар күріш жинауға кеш кірісті

Сыр еңбекшілері күріш орағының жылдағы кестесінен 10 күндей қалып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі ауа райының құбылмалы болуына орай дақылдың пісу мерзімі ұзаққа созылған. Мәселен тамыздың 25-інде егіс алқабына түсуі тиіс Жалағаш ауданының шаруашылықтары биыл қыркүйектің 5-іне таман кіріскен. 36 731 гектарға агродақылдар сепкен жалағаштық еңбекшілерді су тапшылығы да біраз әбігерге салды. Егінмен айналысатын 163 шаруашылық алқапты суару үшін атыз-арықты кезек-кезек пайдаланып, тіршілік нәрін үнемдеудің арқасында әупірімдеп күрішті күйдірмей алып шықты. Қазір диқандар егіннің жартысын орып болды. Өткен жылы әр гектардан орта есеппен 63,8 центнер өнім жинаған Жалағаштық диқандар биыл 65 центнерге жеткізуді межелеп отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолдағы мың шақты техникасы түгел күзгі егін жинау жұмыстарына жұмылдырылған.

Қанат Демесінов, шаруашылық төрағасы:

- Янтарь сорты 115-116 күн, Лидер 125-127 күнде піседі. Осы уақытқа дейін шамалы көктеу болды. Тоқтаңқырап жүріп едік, енді қазір соңғы 1-5 күннің көлемінде жаппай жинап жатырмыз. Толық пісті күрішіміз. Алдағы айдың 10-15-інде бітіреміз деп жобалап отырмыз. Ауа райы осындай болып тұрса, әрине. Техникамыз оған жеткілікті.

Асылбек Шәменов, Жалағаш ауданының әкімі:

- Барлығында жаңа техника бар. Баяғы техникалар Енисей енді, қазір ондай емес. Барлық шаруашылықтар жаңартып алды. Қазір шаруашылықтар білді, техникаға жақсы қарайды, жаңалайды. Кейбір шаруашылықтар 2-3 жылда ауыстырып тұрады. 1757 га мақсары ектік, бидайымыз 507 га, 1000 га көкөніс бар. Оны да қазір жинау барысы болып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы