428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жүзім бағы азайып барады

  • 88
  • UPD: 11:05, 26.09.2020

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында қазір жүзім жинау науқаны қызған кез, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өңір жүзім өсіруге еліміздегі ең бір қолайлы жер саналады. Бірақ соған қарамастан бақ көлемі азайып барады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Іле Алатауының баурайында орналасқан Қызылшарық ауылы жүзім өсірумен көп жылдан бері айналысады. Мына шаруашылықтың 200 гектар жүзімбағы бар. Негізінен италиялық алиготе және грузиялық саперави сұрыбын өсіреді. Жиналған өнім шарап пен шырын шығаратын зауыттарға өткізіледі.

Еркін Малдағазиев, шаруа қожалығының басқарушысы:

- Бірінші біз алигато деген жүзім сортын теріп алдық. Қазір енді міне, осы жерде жинап жатырмыз саперави сорт. Бізде саперави сорттан 115 гектар көлеміміз бар. Бізде адам жетіспей жатыр. Қазір халықтың бәрі базар сияқты жеңіл жерге өтіп алды. Ал ауылшаруашылық жұмысы ол қиын. Сол адамымыз жетіспегеннен кейін кішкене қиналып қалдық.

Өнім жинауға жүзден астам адам жұмылдырылған. Дені ауыл тұрғындары. Жүзімнің қанты нағыз бабына жеткен. Қышқылы да келісіп тұр. Тек салмағы аздау. «Себебі биыл ойлағандай суғара алмадық», - дейді бағбандар.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Былтыр дәл осы егіс алқабынан гектарына 8 тоннадан өнім жинаған екен. «Ал биыл бар-жоғы бір гектардан 5 тонна жүзім алып отырмыз», - дейді фермерлер.

Елімізде жүзімнің әрбір көшетіне 315 теңге субсидия төленеді. Бірақ соған қарамастан соңғы жылдары көлемі азаюда. «Себебі оны өсірудің машақаты көп», - дейді агрономдар. Мысалы, ауданда өткен жылы 2376 гектар жүзімдік болса, биыл 2046 гектар қалған.

Мәншүк Ташкенбай, Еңбекшіқазақ ауданы ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:

- Соңғы үш жылда жаңа көшет жүзімге отырғызылған жоқ. Бірақ бұрын маточниктар болған. Қазір маточниққа төленбегендіктен жаңағы элитсемхоздарға тиімсіз.

Есесіне Еңбекшіқазақ ауданының бағбандары алмаға ден қоюда. «Жүзіммен салыстырғанда оны өсіру де, сақтау да жеңіл», - дейді мамандар. Қарапайым тәсілмен отырғызылған алма бақтары жыл сайын 50-100 гектарға көбеюде. Ал, заманауи интенсивті алма бағының көлемі былтыр 1550 гектар болса, биыл 1800 гектарға жетіпті.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы