432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зағип жандар мемлекет қолдауына зәру

  • 192
  • UPD: 17:27, 27.09.2020

Бүгін Халықаралық саңыраулар күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

1951 жылдан бері қыркүйектің соңғы жексенбісі құлағы мүкіс жандар күні ретінде аталып өтеді. Елімізде саңырау жандарды толғандыратын әлеуметтік мәселелер көп. Ол жұмысқа орналасу сынды проблемалармен шектелмейді.

Қазақстанда есту қабілеті нашар 18 мыңнан аса адам бар. Құлағы мүкіс жандардың жұрт қатарлы өмір сүруі оңай емес. Өйткені мектеп бітірген соң олардың университетте білім алу-алмауы екіталай. Бірақ талмай еңбек етудің арқасында архитектор, экономист, қызмет көрсету саласында технолог сынды кәсіптерді меңгергендер бар. Соның бірі – Арман Қабышев. Оған 2 жасында операция жасаған. Салдарынан ол саңырау болып қалған. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жан колледжбен қатар университетті үздік бітірді. Арман архитектор мамандығын тәмәмдап, магистратураға түсуді армандайды. Ағылшын тілін жетік меңгерген. Қазір білімі бола тұра, жұмысқа орналаса алмай жүр.

Арман Қабышев, қала тұрғыны:

– Бірінші курсқа түскенде маған өте ауыр болды. Сурдоаудармашының қызметіне жүгінуге тура келді. Дәріс алу үшін сурдоаудармашы керек болды. Маман әрдайым жанымда жүрді. Зейнетке шыққан анам оған қаржы төледі. Бірақ қазір ондай мүмкіндігім жоқ. Өзім еңбек етіп, тапсырысқа сурет салып, күнімді көріп жүрмін. Жұмысқа да орналасу қиын. Басты арманым – магистратураға түсіп, мамандығым бойынша жұмыс істеу.

Алайда зағип жандар үшін жоғары оқу орнына түсу арман. Еліміздегі университеттерде ым-ишара тілін білетін мамандар аз. Сол себепті білім ордаларына сурдоаудармашылар ауадай қажет. Елордада 700-ден аса зағип азамат бар. Олардың 360-сына 25 маман ғана қызмет көрсетеді.

Жангелді Бекбатыров, «Қазақ саңыраулар қоғамы» ҚБ Ақмола филиалының басқарма төрағасы:

– 3 проценттік квота бар. Олар топпен оқымайды. Оларға топты ашу үшін сурдоаудармашы болу керек. Біздің қоғамда 18 оқу өндірістік кәсіпорын бар. Тендерді алу мүмкін емес. Біз қазір жұмыссыз отырмыз.

Әрине бұл басты проблема емес. Құлағы естімейтін мүкіс азаматтар ІІІ-ші топқа жатады. Ал І, ІІ-ші топқа берілетін тегін мүмкіндіктер көп. Мәселен, адвокат, нотариус, автобус қызметтерін тегін қолданады. Ал үшінші топтағыларда мұндай мүмкіндік жоқ. Тіпті оларға ең аз төлемақы беріледі.

Исатай Мыңбаев, халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:

– Олардың 430-дан астамы еңбек етуге жарамды. 100-ден астамы жұмыспен қамтылған. Әрбір жұмыс беруші штаттық кестеге сәйкес 2 және 4 проценттен мүгедекті жұмысқа орналастыруға міндетті. Осы шара аясында жұмыс беруші әр жыл соңында әкімдікке өтінім береді. Қажетті жұмыс орын санын көрсетіп, сол өтінім аясында әкімдік бюджеттік бағдарлама әзірлейді. Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан жұмыс орындарын қамтамасыз ету үшін тиісті қаражат бөлінеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 62 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Оның 40 мыңнан астамы жұмыспен қамтылған.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Карақойшиев, Ермек Кеншимбек

Хабар 24 телеарнасы