432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өрт сөндірушілер тұрғындарды жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады

  • 226
  • UPD: 12:07, 27.09.2020
Өрт сөндірушілер тұрғындарды жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады astana.gov.kz

Құтқарушылар Нұр-Сұлтандағы жеке тұрғын үй секторларын аралап, қадалағалау жүргізуде, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты. 

ТЖ департаменті қызметкерлері елордадағы жеке тұрғын үй секторында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындарға пеш жағу кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелері туралы айтылды және жадынамалар таратылды.

«Қазіргі уақытта 9097 жеке үйді аралап, профилактикалық жұмыспен 14752 адам қамтылды, олардың ішінде 182 улы газды анықтау дабылқақыштардың орнатумен 1543 әлеуметтік осал топтардың үйі қамтылды», – деп хабарлады қалалық ТЖД.

Рейдтер өрттің және улы газбен уланудың алдын алу үшін жүргізіледі. Жылыту маусымы басталғалы, қалада екі отбасы зардап шекті.

«24 қыркүйек күні, сағат 6: 03-те 103 қызметінен Марков көшесінде тұратын 5 адамның улы газбен уланғаны туралы хабарлама келіп түсті. ТЖ департаментінің қызметкерлері шақырту орнына келген соң, жеке тұрғын үй аумағында 2 отбасы тұратынын анықтады. Көршілерінен сұрастыра келе 24 қыркүйекке қараған түні балалар жылай бастаған, бөлмеде улы газдың иісі сезілген, содан кейін барлығы далаға шығып, 103 қызметін шақырған. Екі әйел азамат № 1 қалалық ауруханаға, үш бала №2 балалар ауруханасына орташа дәрежедегі улы газбен уланған диагнозымен ауруханаға жатқызылды», – делінген хабарламада.

Аталған мекенжай бойынша оқиға орын алғанға дейін, Төтенше жағдайлар қызметі үй иесімен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл үйге улы газды анықтау датчигі орнатылмаған, өйткені бұл отбасы әлеуметтік осал топтар санатына жатпайды.

«Атап өтетін  жайыт, күзгі және қысқы кезеңдерде жеке сектордың тұрғындары пеш жабдықтарын пайдалану кезінде ерекше мұқият және тиянақты болуы керек. Пештерді пайдалануды бастамас бұрын олардың өртке қарсы жай-күйін тексеру, улы газбен улану жағдайларын болдырмау үшін жарықтарды бітеу және мұржаларды күйеден тазарту қажет», – дейді ТЖД өкілдері.

ТЖД пешті жағу кезінде үйде өрт болмауы үшін келесі ережелерді сақтау қажет екенін ескертеді:

- пешті 50х70 см өлшемді металл төсегіш жабдықтау қажет;

- пештің жанғыш құрылымдардан өртке қарсы қашықтығы кемінде 26 см болуы керек;

- түтін құбырының ішкі бетінен қорғалмаған жанғыш құрылыстарға дейінгі ара қашықтық 50 см-ден, ал қорғалған жанғыш құрылыстарға дейін ара қашықтық 38 см-ден кем болмауы тиіс;

- пештің қатты қызуына жол бермеу, пештерде және оларға жақын жерде отын, киім және басқа да жанғыш материалдарды құрғатпау;

- пештерді жағу үшін жанғыш сұйықтықтарды пайдалануға, жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды жас балаларға тапсыруға;

- құрамында қызған және бықсыған материалдар бар күл мен қож оттықтан шығарылғаннан кейін өрттің пайда болу мүмкіндігін болдырмайтын және сумен төгілмейтін арнайы бөлінген орынға шығарылуы тиіс.

Хабар 24 телеарнасы